Жексенбі, 23 Тамыз 2026 21:04

49 күндік күрес: 1 келі 400 грамм болып туған сәби 2 келіден асып, үйіне шықты

 

Әрбір дүниеге келген сәби – үлкен қуаныш. Ал шала туып, өмірінің алғашқы күндерінен бастап күрделі медициналық көмекке мұқтаж болған нәрестенің аман-есен қатарға қосылуы – ата-ана үшін де, ақ халатты абзал жандар үшін де ұмытылмас сәт.

Жақында Шымкент қалалық перзентханасында небәрі 1400 грамм салмақпен дүниеге келген кішкентай сәби дәрігерлердің жіті бақылауына алынды. Өмірінің алғашқы күндері оның денсаулығы күрделі болғандықтан, нәрестелер жан сақтау бөлімшесінде ем қабылдауға тура келді. Алдында ұзақ әрі жауапты емдеу кезеңі тұрды.

Кішкентай пациент жан сақтау бөлімінде 18 күн болып, тәулік бойы үздіксіз медициналық бақылауда болды. Осы уақыт аралығында оған өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ), инвазивті емес тыныс алу қолдауы жүргізілді. Сонымен қатар қажетті антибактериалдық және инфузиялық терапия жасалып, медициналық көрсеткіштерге байланысты гемотрансфузия жүргізілді.

Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің күнделікті еңбегі, үздіксіз бақылауы мен дұрыс ұйымдастырылған емнің нәтижесінде нәрестенің жағдайында оң динамика байқалды. 19-тәулікте сәби өздігінен тыныс ала бастағаннан кейін Нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды. Бұл – кішкентай науқастың өмір жолындағы алғашқы үлкен жеңістерінің бірі еді.

Одан кейінгі кезең де ерекше күтім мен сабырды талап етті. Анасының ақ сүтімен қоректенген сәби біртіндеп емшекті өзі еміп, жұту дағдысын толық меңгере бастады. Күн сайын оның жағдайы жақсарып, салмағы тұрақты түрде арта түсті. Әрбір қосылған грамм – дәрігерлер үшін де, анасы үшін де үлкен қуаныш болды.

Осылайша 49 күнге созылған күрделі кезең артта қалды. Перзентхана мамандарының бақылауы мен емінің нәтижесінде кішкентай батырымыздың салмағы 2082 грамға жетіп, денсаулық жағдайы үй жағдайында бақылауға мүмкіндік беретін деңгейге тұрақтанды. Ең қуаныштысы – сәби бүгін ата-анасының құшағына аман-есен оралып, үйіне шығарылды.

Бұл – бір ғана баланың емес, оның өмірі үшін күн сайын күрескен ата-анасы мен медицина мамандарының ортақ жеңісі. Мұндай сәттер дәрігер еңбегінің қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетеді. Әсіресе шала туған нәрестелерге күтім жасау үлкен кәсібилікті, төзімділікті және әрбір медициналық шешімге мұқият қарауды талап етеді.

Бүгін кішкентай батырдың үйіне шығарылуы – біз үшін үлкен қуаныш. Оның әрбір жетістігі, әрбір қосқан грамы, әрбір жаңа дағдысы – өмірге деген талпынысының айғағы.

Шымкент қалалық перзентханасының ұжымы кішкентай батырға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жарқын болашақ тілейді! Анасына көрсеткен төзімі мен сенімі үшін алғыс білдіреміз. Ал сәбидің өмірін сақтап қалу жолында күн-түн демей еңбек еткен дәрігерлерге, мейіргерлерге және барлық медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

 

Әрбір сақталған өмір – біз үшін ең үлкен жеңіс!

 

Шымкент қалалық перзентханасы

Оқылды 55 рет