Шымкент қалалық №6 емханасының иммунолог дәрігері Шералы Мадина Алишерқызы иммунитеттің адам ағзасындағы маңызы және иммундық жүйені нығайтудың тиімді жолдары туралы түсіндіреді.
Маманның айтуынша, иммунитетті бір күнде немесе белгілі бір өнімнің көмегімен бірден күшейту мүмкін емес. Иммундық жүйенің дұрыс жұмыс істеуі адамның күнделікті өмір салтына, тамақтануына, ұйқысына және дене белсенділігіне тікелей байланысты. Сондықтан денсаулықты нығайту үшін дұрыс әдеттерді тұрақты түрде қалыптастыру қажет.
Ең алдымен, дұрыс әрі теңгерімді тамақтануға көңіл бөлу маңызды. Күнделікті рационда көкөністер, жемістер, дәнді дақылдар, ет, балық, жұмыртқа және сүт өнімдері сияқты пайдалы тағамдар болғаны жөн. Түрлі әрі құнарлы тамақ ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдарды алуға мүмкіндік береді.
Иммундық жүйенің қалыпты жұмысы үшін жеткілікті ұйқының да маңызы зор. Ұйқының тұрақты режимін сақтау ағзаның қалпына келуіне ықпал етеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге жас ерекшелігіне сай жеткілікті демалыс қажет.
Сонымен қатар тұрақты дене белсенділігі де денсаулыққа оң әсер етеді. Күнделікті серуендеу, жеңіл жаттығулар жасау, спортпен айналысу ағзаны шынықтырып, жалпы физикалық жағдайды жақсартуға көмектеседі.
Иммунитетті қолдау үшін таза ауада көбірек уақыт өткізу, жеке бас гигиенасын сақтау, зиянды әдеттерден бас тарту және күйзелісті азайту да маңызды. Аурудың алдын алу мақсатында медициналық тексерулерден уақытылы өтіп, дәрігердің ұсыныстарын орындаған жөн.
Иммунитет – ағзаның табиғи қорғаныс жүйесі. Оны нығайту үшін ең бастысы – салауатты өмір салтын күнделікті дағдыға айналдыру. Дұрыс тамақтану, сапалы ұйқы, тұрақты қозғалыс және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – иммундық жүйені қолдаудың маңызды шарттары.
Денсаулықты сақтау – әр адамның өз қолында. Иммунитетке бүгіннен бастап көңіл бөліп, салауатты өмір салтын бірге қалыптастырайық!
Шымкент қалалық №6 емханасы