30 қыркүйекте созылмалы терминалды бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған пациентке туысының бүйрегі жоспарлы түрде ауыстырылды. Пациент 8 жылдан бері созылмалы бүйрек ауруына байланысты диспансерлік есепте тұрған. Негізгі диагнозы – тубулоинтерстициалды нефрит салдарынан дамыған созылмалы терминалды бүйрек жеткіліксіздігі. 2018 жылдан бастап пациент тұрақты түрде гемодиализ емін қабылдап келген.
Операция алдында донор мен реципиент барлық қажетті медициналық тексерулерден тиісті хаттамаға сәйкес толық өтті. Трансплантация жасауға қажетті медициналық және заңнамада көзделген келісімдер рәсімделді. Мамандардың кешенді дайындығы нәтижесінде операция техникалық қиындықтарсыз өтіп, сәтті аяқталды.
Операциядан кейін донор мен реципиент қарқынды терапия және реанимация бөліміне ауыстырылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынды. Қазіргі таңда екі пациенттің де жағдайы тұрақты. Гемодинамикалық көрсеткіштері қалыпты. Реципиентте бүйрек қызметінің ерте қалпына келе бастағанын көрсететін жақсы диурез байқалуда.
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының маңызды жетістіктерінің бірі – ағзаларды трансплантациялау бағытында тәжірибелі мамандардың қалыптасуы және күрделі жоғары технологиялық операцияларды тұрақты түрде жүргізу мүмкіндігінің артуы. 256-шы бүйрек трансплантациясының орындалуы – медициналық ұйымның осы бағыттағы тәжірибесі мен кәсіби әлеуетінің нақты көрсеткіші.
Бүйрек трансплантациясы – бірнеше бейінді мамандардың үйлесімді жұмысын талап ететін күрделі медициналық араласу. Операция барысында хирургтермен қатар анестезиолог-реаниматологтар, нефрологтар, зертханалық диагностика және басқа да медицина мамандары бірлесіп жұмыс атқарады. Операциядан кейінгі кезеңде де пациенттердің жағдайын үздіксіз бақылау мен қажетті емді уақытылы жүргізу ерекше маңызға ие.
Аурухана ұжымы трансплантология саласындағы жоғары технологиялық медициналық көмекті одан әрі дамытуға, заманауи емдеу тәсілдерін енгізуге және пациенттерге сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған жұмыстарын жалғастыруда. Әрбір сәтті трансплантация – бүйрек жеткіліксіздігімен өмір сүріп келген пациент үшін қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.