Құтыру вирусы ауру немесе вирус тасымалдаушы жануардың сілекейі арқылы жұғады. Адам үшін ең қауіпті жағдайлардың бірі – жануардың тістеуі. Сонымен қатар тырнау немесе сілекейдің зақымдалған теріге, көзге, ауыз қуысына түсуі де инфекция жұқтыру қаупін тудырады. Құтырудың негізгі тасымалдаушыларына ит, мысық және жабайы жануарлар жатады. Әсіресе қаңғыбас және қараусыз жануарлармен қарым-қатынаста барынша сақ болған жөн.
Құтырудың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – үй жануарларын уақытылы вакцинациялау. Иттер мен мысықтардың иелері оларды ветеринариялық талаптарға сәйкес міндетті түрде құтыруға қарсы ектіріп, жануарларды қараусыз қалдырмауы қажет. Үй жануарларын ұстау кезінде олардың денсаулығын бақылап, мінез-құлқында өзгеріс байқалса, ветеринариялық мамандарға хабарласу керек.
Егер адамды ит, мысық немесе басқа жануар тістеп, тырнап алса, жарақатты елемеуге болмайды. Ең алдымен жарақат алған жерді дереу сабынмен және ағын сумен мұқият жуу қажет. Содан кейін мүмкіндігінше қысқа мерзімде медициналық ұйымға жүгіну керек. Дәрігер жарақаттың сипатын бағалап, құтыруға қарсы профилактикалық емнің қажеттілігін анықтайды.
Құтыруға қарсы вакцинацияны өздігінен тоқтатуға немесе дәрігер белгілеген екпе кестесін өзгертуге болмайды. Жануар сырттай сау көрінгеннің өзінде медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырмаған дұрыс, себебі құтырудың алдын алу шаралары аурудың клиникалық белгілері пайда болғанға дейін жүргізілгенде ғана тиімді.
Балаларға да жануарлармен қауіпсіз қарым-қатынас жасау ережелерін түсіндіру маңызды. Бейтаныс, қаңғыбас немесе жабайы жануарларға жақындауға, оларды ұстауға, тамақтандыруға және ойнауға болмайды. Жануардың әдеттен тыс агрессивті немесе керісінше себепсіз жуас мінез көрсетуі де қауіпті белгі болуы мүмкін.
Құтырудың алдын алу – тек медицина мамандарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат үй жануарына жауапкершілікпен қарап, санитариялық және ветеринариялық талаптарды сақтағаны жөн. Ал жануармен байланыс кезінде жарақат алған жағдайда уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну – өз өміріңіз бен денсаулығыңызды сақтаудың ең маңызды қадамы.
Д. Калкабаева – Шымкент қаласы Еңбекші ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы