Жұма, 23 Қазан 2026 19:37

Республика күні қарсаңында ӘМСҚ қызметкерлеріне марапаттар табысталды

25 қазан – Республика күніне орай және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының құрылғанына 10 жыл толуына байланысты Қордың Шымкент қаласы бойынша филиалының бірқатар қызметкері жоғары марапаттарға ие болды. 

Мерекелік марапаттар Қордың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып, ұзақ жылдар бойы өз міндеттерін абыроймен атқарып келе жатқан, кәсіби біліктілігімен және жауапкершілігімен ерекшеленген мамандарға табысталды. Бұл – олардың көпжылдық еңбегіне, саладағы жетістіктеріне және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесіне көрсетілген құрмет.

Атап айтқанда, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар Қордың дамуына қосқан үлесі мен көпжылдық адал еңбегі үшін Шымкент қалалық халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Беден, Медициналық көмектің сапасын бағалау және шарттық міндеттемелерді мониторингілеу бөлімінің бас сарапшысы Сәуле Арипбекова, сондай-ақ Медициналық көмекті сатып алу және ақы төлеу бөлімінің бас сарапшысы Жазира Ахметова «Еңбек сіңіргені үшін» медалімен марапатталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хаты Медициналық көмекті жоспарлау, орындалуын талдау және болжау бөлімінің бас сарапшысы Айжан Мизамидиноваға табысталды. Ал осы министрліктің Құрмет грамотасына Медициналық көмекті сатып алу және ақы төлеу бөлімінің бас сарапшысы Айжан Сердалиева ие болды.

Аталған марапаттар – мамандардың кәсіби шеберлігіне, өз ісіне деген адалдығына және денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесіне берілген лайықты баға. Әсіресе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарда Қор қызметкерлерінің еңбегі ерекше маңызға ие.

Бүгінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, медициналық ұйымдармен өзара жұмысты үйлестіру, көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және МӘМС жүйесін жетілдіру бағытында маңызды міндеттер атқарып келеді. Осы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуы, ең алдымен, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандардың еңбегіне байланысты.

Мерекелік жиында Қордың Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева ұжымды Республика күнімен құттықтап, марапат иелеріне шынайы алғысын білдірді. Ол қызметкерлердің күнделікті еңбегі мен кәсіби жауапкершілігі Қор жұмысының дамуына үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Сондай-ақ филиал директоры ұжым мүшелеріне еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, бақ-береке және жаңа жетістіктер тіледі.

Республика күні мен Қордың 10 жылдық мерейтойы қарсаңында табысталған марапаттар – адал еңбек пен кәсібиліктің айқын көрінісі. Бұл құрмет қызметкерлерге жаңа серпін беріп, алдағы уақытта да халық игілігі жолында нәтижелі еңбек етуге ынталандыратыны сөзсіз.

Оқылды 45 рет