Бейсенбі, 08 Қазан 2026 13:23

Тұмауға қарсы екпе салу науқаны басталды

Күзгі-қысқы кезеңде тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралу қаупі артады. Осыған байланысты тұрғындардың денсаулығын сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу және халық арасында вакцинацияның маңыздылығын түсіндіру өзекті мәселелердің бірі болып табылады. 

Шымкент қаласының №1 қалалық клиникалық ауруханасында 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлеріне тұмауға қарсы вакцинация жүргізу басталды. Бұл – медицина мамандарының денсаулығын қорғауға, сондай-ақ медициналық ұйымдарда инфекцияның таралу қаупін төмендетуге бағытталған маңызды профилактикалық шара.

Мамандардың айтуынша, тұмауға қарсы вакцинация – аурудың алдын алудың және оның ауыр асқыну қаупін төмендетудің тиімді әдістерінің бірі. Вакцинациядан кейін иммунитеттің қалыптасуы шамамен 8–12 күн ішінде басталып, оның қорғаныс әсері орта есеппен 12 айға дейін сақталуы мүмкін. Дегенмен, иммундық қорғаныстың ұзақтығы адамның жеке ерекшеліктеріне және басқа да факторларға байланысты өзгеруі ықтимал.

Тұмау – тыныс алу жолдарын зақымдайтын, ауа тамшылары арқылы таралатын жіті вирустық инфекция. Ауру дене қызуының күрт көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің сырқырауы, әлсіздік, жөтел және тамақтың ауыруы сияқты белгілермен көрінеді.

Дәрігерлер жедел респираторлық инфекциялардың клиникалық белгілері қоздырғыштың түріне және аурудың ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі болатынын атап өтеді. Олардың қатарына мұрынның шырышты қабығының қабынуы, иіс сезудің төмендеуі, түшкіру, мұрыннан су ағу, жұтқыншақтың шырышты қабығының қабынуы және әртүрлі деңгейдегі тамақ аурулары жатады.

Тұмаудың қауіптілігі – оның ауыр асқынуларға әкелу мүмкіндігінде. Әсіресе нәрестелер, жас балалар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар және иммунитеті әлсіреген азаматтар үшін инфекцияның салдары ауыр болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда тұмау пневмония, бронхит және басқа да асқынуларға ұласып, адам өміріне қауіп төндіруі ықтимал.

Сондықтан вакцинация тек жеке адамның ғана емес, жалпы қоғамның денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Вакцина алған адам да тұмауды жұқтыруы мүмкін, алайда екпе аурудың ауыр өтуі мен қауіпті асқынулардың даму ықтималдығын төмендетуге көмектеседі.

Тұмаудың алдын алу үшін қандай шараларды сақтау қажет?

Мамандар тұрғындарға төмендегі профилактикалық шараларды ұстануға кеңес береді:

  • Тұмауға қарсы вакцинациядан уақытылы өту;
  • Адамдар көп жиналатын орындарға баруды мүмкіндігінше шектеу;
  • Қоғамдық орындарда қажет болған жағдайда медициналық маска пайдалану;
  • Үй-жайлар мен жұмыс орындарын тұрақты түрде желдету;
  • Қолды сабынмен жиі жуу және жеке бас гигиенасын сақтау;
  • Науқас адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу;
  • Дұрыс тамақтанып, күнделікті тынығу және ұйқы режимін сақтау;
  • Ауру белгілері байқалған жағдайда жұмысқа немесе оқуға бармай, үйде болу.

Сонымен қатар, тұмау немесе ЖРВИ белгілері пайда болған кезде өздігінен емделмей, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігердің кеңесінсіз антибиотиктерді қабылдауға болмайды, себебі олар вирустық инфекцияларға әсер етпейді.

Денсаулық – ортақ жауапкершілік!

Тұмаудың алдын алу – әрбір азаматтың өз денсаулығына және айналасындағы адамдардың амандығына деген жауапкершілігінен басталады. Қарапайым санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау, вакцинациядан өту және ауру белгілері байқалған жағдайда уақытылы дәрігерге қаралу инфекцияның таралуын азайтуға мүмкіндік береді.

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз! Денсаулығыңызға бейжай қарамаңыз!

Оқылды 34 рет