Аталған іс-шара Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылғы 10 қыркүйектегі №339 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылды. Мониторингтің негізгі мақсаты – емханада туберкулездің алдын алу және ерте анықтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың ұйымдастырылу сапасын бағалау, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету барысында қолданыстағы нормативтік талаптардың сақталуын бақылау.
Мониторинг барысында емхананың туберкулез профилактикасы бағытындағы қызметіне жан-жақты назар аударылды. Атап айтқанда, төмендегі мәселелер қарастырылды:
- Туберкулездің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың орындалу барысы;
- Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен санитариялық талаптардың сақталуы;
- Туберкулезге күдікті және осы диагнозбен есепте тұрған пациенттерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру сапасы;
- Ауруды ерте анықтау және профилактикалық тексерулерді жүргізу жұмыстарының ұйымдастырылуы;
- Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау талаптарының орындалуы;
- Медициналық құжаттамалардың жүргізілуі және жауапты мамандардың жұмысы.
Туберкулезді ерте анықтау аурудың таралуын шектеуде және емнің нәтижелі болуында ерекше маңызға ие. Сондықтан медициналық ұйымдарда профилактикалық тексерулерді уақытылы ұйымдастыру, қауіп тобына жататын азаматтарды бақылау және халық арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу маңызды.
Мониторинг қорытындысы бойынша жауапты медицина қызметкерлеріне тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, анықталған мәселелер бойынша әдістемелік ұсынымдар берілді. Сонымен қатар туберкулездің алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, медициналық көмектің сапасын арттыру және қолданыстағы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Туберкулездің алдын алу – әрбір азамат пен медицина қызметкерінің ортақ жауапкершілігі.
Туберкулез – емделетін ауру. Алайда оның алдын алу үшін әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуі қажет.
Аурудың негізгі белгілері: ұзақ уақытқа созылған жөтел, дене қызуының көтерілуі, түнгі тершеңдік, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі және себепсіз салмақ жоғалту. Осындай белгілер байқалған жағдайда медициналық ұйымға жүгініп, қажетті тексерулерден өту ұсынылады.
Есіңізде болсын, туберкулезді ерте анықтау – тиімді емделудің және инфекцияның таралуының алдын алудың маңызды шарты.