АПВ инфекциясының ерекшелігі – көп жағдайда адамның бойында ешқандай айқын белгілер байқалмайды. Яғни вирус жұқтырған адам өзінің инфекция тасымалдаушысы екенін білмеуі мүмкін. Осыған байланысты аурудың алдын алу, уақытылы тексерілу және профилактикалық шараларды сақтау ерекше маңызға ие.
Адам папилломасы вирусы қалай жұғады?
Вирус негізінен жақын тері және шырышты қабаттардың жанасуы, соның ішінде жыныстық қатынас арқылы беріледі. Инфекция адам ағзасында ұзақ уақыт бойы белгісіз өтуі мүмкін. Кейбір жағдайларда иммундық жүйе вирусты өздігінен жеңгенімен, жоғары қауіпті түрлерінің ұзақ уақыт сақталуы жасушалардағы өзгерістерге әкелуі ықтимал.
АПВ-дан қалай қорғануға болады?
Мамандар инфекцияның алдын алу үшін бірнеше маңызды шараны ұсынады:
- Вакцинациядан өту. АПВ-ға қарсы вакцина вирустың қауіпті түрлерінен қорғануға және соған байланысты қатерлі ісік ауруларының даму қаупін төмендетуге көмектеседі.
- Скринингтік тексеруден уақытылы өту. Әйелдер жатыр мойны обырының алдын алуға арналған профилактикалық тексерулерді белгіленген мерзімде өтуі қажет.
- Дәрігер кеңесіне жүгіну. Денсаулық жағдайына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда маманнан кеңес алып, қажетті тексерулерден өткен жөн.
- Профилактикалық шараларды сақтау. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, медициналық тексерулерді кейінге қалдырмау маңызды.
Айта кету керек, АПВ-ға қарсы вакцинация инфекцияның алдын алудың тиімді әдістерінің бірі саналады. Вакцина вирустың белгілі бір қауіпті түрлерінен қорғайды, алайда барлық түрінен толық қорғамайды. Сондықтан екпе алғаннан кейін де жатыр мойны обырына арналған скринингтен өту қажеттілігі сақталады.
Шымкент қалалық №12 емхана мамандары тұрғындарды өз денсаулығына бейжай қарамауға, АПВ туралы ақпаратты білуге және алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Есте сақтаңыз: көптеген аурулардың алдын алуға болады. Уақытылы вакцинациядан өту, тұрақты медициналық тексерілу және дәрігердің ұсыныстарын орындау – денсаулықты сақтаудың маңызды қадамдары.
Аурудың алдын алу – денсаулықты қорғаудың ең тиімді жолы! Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!
Шымкент қалалық №12 емханасы