Жексенбі, 22 Қараша 2026 19:46

Шымкентте 100-ге жуық тұрғын құны 1 миллион теңгеден асатын дәрімен қамтамасыз етілуде

Шымкент қаласында псориаз ауруына шалдыққан 100-ге жуық тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында қымбат биологиялық препаратпен тегін қамтамасыз етілуде. Бір құтысының құны 1 миллион теңгеден асатын дәрілік зат пациенттерге тіркелген емханалары арқылы беріледі. 

Бұл – созылмалы тері ауруымен күресіп жүрген азаматтар үшін маңызды қолдау. Себебі псориазды емдеу ұзақ уақытты, тұрақты медициналық бақылауды және кей жағдайда қымбат дәрілік препараттарды қажет етеді.

Мамандардың айтуынша, биологиялық препарат аурудың ауырлығына, клиникалық көрсеткіштеріне және пациенттің жеке жағдайына қарай тағайындалады. Емдеу курсы барысында жылына кемінде 4 флаконға дейін препарат қолданылуы мүмкін. Дәрі тері астына инъекция түрінде енгізіледі. Емнің тиімділігі дәрігердің тұрақты бақылауымен бағаланады.

Осындай емнің нәтижесін көріп жүрген пациенттердің бірі – 51 жастағы Ғалым Ізтілеу. Ол псориаз ауруымен 13 жылдан бері күресіп келеді. Осы уақыт аралығында түрлі емдеу тәсілдерін қолданып көргенімен, қалаған нәтижеге қол жеткізе алмаған.

Соңғы екі жылдан бері Ғалым Ізтілеу тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген қалалық №10 емхана арқылы МӘМС есебінен биологиялық препаратпен ем қабылдап келеді.

Пациенттің айтуынша, жаңа емдеу тәсілінің нәтижесінде денсаулығында айтарлықтай оң өзгерістер байқалған. Бұған дейін гормоналды жақпамайлар мен басқа да дәрілік заттарды пайдаланғанымен, ауру белгілері толық басылмаған. Ал биологиялық терапияны бастағаннан кейін терідегі қабыну белгілері азайып, жалпы жағдайы жақсарған.

«Бұрын әртүрлі емдеу әдістерін қолданып көрдім. Алайда ауру қайта-қайта асқынып, терідегі өзгерістер мазалайтын. Соңғы екі жылдан бері биологиялық препарат қабылдап келемін. Емнің нәтижесін сезініп жүрмін. Қазір жағдайым әлдеқайда жақсы», – дейді Ғалым Ізтілеу.

Айта кетейік, псориаз – терінің созылмалы қабыну ауруы. Ол иммундық жүйенің ерекшеліктерімен байланысты дамиды және тері жасушаларының жаңару үдерісінің бұзылуымен сипатталады. Ауру кезінде теріде қызарған, қабыршақтанған бөртпелер пайда болып, қышу мен жайсыздық тудыруы мүмкін. Дерт ұзақ уақытқа созылып, өршу және ремиссия кезеңдерімен өтеді.

Кейбір жағдайларда псориаз тек теріні ғана емес, буындарды да зақымдап, псориаздық артриттің дамуына әкелуі мүмкін. Сондықтан ауруды дер кезінде анықтап, тиісті ем қабылдау өте маңызды. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмесе, аурудың асқыну қаупі артады.

Жалпы, МӘМС жүйесі аясында ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларды амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз ету мүмкіндіктері кеңейтілген. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және МӘМС шеңберінде дәрілік препараттар 80-ге жуық нозология бойынша беріледі.

Бұл жүйе әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулары бар азаматтарға қажетті емді уақтылы алуға, қымбат дәрілік препараттардың қаржылық ауыртпалығын азайтуға мүмкіндік береді.

Мамандар тұрғындарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, ауру белгілері байқалған жағдайда дер кезінде дәрігерге қаралуға кеңес береді. Ал созылмалы ауруы бар пациенттер емді өз бетінше тоқтатпай, дәрігер тағайындаған терапияны тұрақты жалғастыруы қажет.

МӘМС жүйесінің негізгі мақсаты – азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру және табысына қарамастан қажетті ем алуына жағдай жасау.

Оқылды 46 рет