Сәрсенбі, 19 Маусым 2019 15:14

Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында медицина қызметкерлері марапатталды

Сарыағаш ауданында медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Өңір басшылығы ақ желеңді абзал жандарды мерекемен құттықтап, сала ардагерлері мен білікті дәрігерлерге «Алғыс хат» табыстады. Мәдениет үйінде өткен шарада адам жанының арашашысы саналатын мамандық иелерінің еңбектері дәріптелді

Жыл өткен сайын Сарыағашта медицина қызметі дамып келеді. Дәрігерлердің халыққа қызмет көрсету сапасы да артқан. «Жоспар көп. Ұжыммен бірге сол жоспарды орындайтын боламыз. Жеткен жетістік аз емес. Ауруханамызды кеңейту ниетіміз бар. Талап мықты» дейді Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бақыт Мырзалиев.

Бұл күні халықтың денсаулығы үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген дәрігерлер мен мейірбекелер арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Ал Қапланбек ауылдық емханасы «Үздік аурухана» атағына ие болды. Кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен спорттық шараның жеңімпаздары да осы мерейлі шарада анықталды.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1031 рет