Сейсенбі, 15 Қазан 2019 16:21

Шымкент: Шеге жұтқан сәбиге дәрігерлер көмек көрсетті

Шымкент қаласының дәрігерлері шеге жұтып қойған 4 айлық сәбиді құтқарып қалды. Ақ халаттылар кездейсоқ жасалған рентген түсірілімі кезінде нәрестенің асқазан тұсынан бөгде затты анықтаған. 

Шеге жұтып қойған нәрестенің ата-анасы алғашқыда Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасына баласының буын ауруы бойынша шағымданып келген. Ауруханадағы ортопед мамандар ұршықтың рентгені жасалған кезде асқазан-ішек жолындағы темір затты кездейсоқ анықтайды. Нәтижесінде балаға ішек жолының тесілу қаупі төнгеннен кейін шұғыл түрде ота жасалды. Операция кезінде хирургтар лапароскопиялық тәсілмен және электронды оптикалық рентген аппаратымен шегенің орналасқан аумағын айқындап, бөгде затты хирургиялық жолмен алып шықты. Жабық түрде жасалған отадан кейін баланың жағдайы жақсарып, балалар ауруханасында бір аптаға жуық ем қабылдап шықты.

Күрделі отаны Шымкент қалалық балалар ауруханасының білікті дәрігерлері Сарыбай Сұлтанғали, Жақсылық Амантаев, Асанбай Құрманалиев жасады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 903 рет