Бейсенбі, 14 Қараша 2019 21:41

Түркістан облысы: Жетісай ауданында еуростандартқа сай санатория іске қосылды

Жетісай ауданына қарасты Жылысу ауылдық округінде орналасқан «Төлеген» санаториясының қосымша ғимараты іске қосылды. Енді санаторияның айына 270 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Ашылу рәсіміне Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, Қазақстан емдік-сауықтыру санаториялары қауымдастығының президенті Саягүл Қангелдина мен аудан тұрғындары қатысып, салтанатты түрде тұсауын кесті. 1996 жылы аудандық аурухананың бөлімшесі ретінде жұмыс істеген мекеме 1999 жылы жекешелендіру кезінде «Төлеген санаториясы» ЖШС болып қайта құрылған. Бұған дейін айына 70 адамды қабылдайтын емдік-сауықтыру мекемесі қосымша 20 орындық ғимаратты іске қосып отыр. «Қосымша ғимарат заманауи талаптарға сай жасалған. Бағасы да тиімді екен. Тәулігіне 5 мың теңге төлеп 5 мезгіл тамақ пен сан түрлі ем қабылдау мүмкіндігін жасап отырған санатория басшыларына алғыс айтамыз. Сіздер бұл орынға аурудан емделу үшін емес, аурудың алдын алуға келіңіздер деген тілек айтамыз»,- деді Мақсат Жолдасбеков.

Минералды суының құрамы 14 элементтен тұратын емдік-сауықтыру орталығында келушілер 12 түрлі дерттеріне ем қабылдай алады. Жер астында 46°С ыстықта қайнап шыққан су 37-38°С-та қолданылады. Барлық еуростандарттарға сәйкестендірілген орталық емдік шараларына қажетті барлық құрал-жабдықтарды Шымкент қаласынан тапсырыспен алдырады. Көпбалалы аналар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға арнайы жеңілдіктер қарастырған санатория 90 орынға есептелген, айына 270 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1030 рет