Бейсенбі, 02 Сәуір 2020 22:18

Түркістан облысында карантиндік режимде жұмыс істеп жатқан дәрігерлер халыққа үндеу жариялады

Түркістан облысында карантиндік режимде жұмыс істеп жатқан дәрігерлер халыққа арнаған кеңестеріне түсіністікпен қарауға шақырды.

 «Ел амандығы үшін үйде қалып, сақтық шараларын қадағалау қажет. Өңірге қауіпті аймақтардан келген азаматтар жергілікті емханаға хабарласып, 14 күндік карантинде болулары тиіс. Қазіргідей қиын сәтте мыңдаған адамның қауіпсіздігі, бір адамның жауапкершілігіне байланысты болған күйге түстік. Сол себепті әр азаматпен жеке түсіндірме жұмыстарын да жүргіземіз»,-дейді екі аптадан бері үй бетін көрмеген Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс инфекционист-дәрігері Замира Джурабекова.

Дәрігер күні-түні провизорлық стационарда қызметте. Отбасымен қайта қауышатын күнді армандайды. Үйде жолдасымен 2 ұл, 1 қызы күтіп отыр. Кішкентайының жасы небәрі 7 –де. Өз өмірлерін бәске тіккен осындай дәрігерлердің еңбегі ерен. Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай бойынша Түркістан облысы аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған 5 адам бар. Барлығы Жетісай ауданының тұрғындары.        

   Бүгінде науқастар дәрігерлер бақылауына алынып, жағдайы қанағаттанарлық дәрежеде. Олармен қарым-қатынаста болған барлық адамға стационарлық оқшаулау шаралары жүргізілді. Жалпы, облыс бойынша коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарды жатқызу үшін 150 төсек-орын дайын. Пандемиялық індетке ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызып, диагноздарын анықтау мақсатында 510 төсек орынға провизорлық госпитальдар қарастырылған. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайын. Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 955 төсек орынға карантиндік орталықтар ашылған.

Оқылды 480 рет