Бейсенбі, 26 Наурыз 2020 17:20

Шымкентте сақтық шаралары күшейді

Қалаға кіріп-шығатын жолдарға блок-бекеттер қойылды. Ал қауіпті вирус анықталған екі азамат жұқпалы аурулар ауруханасында. Онымен қатынаста болған адамдар карантинге жатқызылған. Нұр-Сұлтаннан бес күн бұрын келген бұл науқастың тұратын ауылы да толық оқшауланды. Және автобуста бірге келген 16 адамның 6-ы табылды. Қалған 10-ы іздестірілуде. 

Қазір блок-бекеттерде ішкі істер және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері күні-түні тынбай еңбек етуде. Олар азаматтардың дене қызуын бір-бірлеп тексеріп жатыр. Айта кетейік, егер жолаушылардың ыстығы 37 градустан асса, науқасты жедел-жәрдем көлігімен жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізеді.

Қаладағы қазіргі ахуал қалыпты. Дегенменарқаны кеңге салуға болмайды. Шаһарды 5 бірдей ауданмен байланыстыратын халықаралық Ташкент-Алматы трассасындағы жолаушылар барынша сақтық шараларын сақтауда. Тек әттеген-айы кейбір азаматтар Шымкентте шектеу екенін біле тұра, бетперде тақпаған.

Жалпы, Шымкентке кіріп-шығатын 12 блок-бекет орнатылды. Полицейлердің сөзінше, қалаға кіреберісте әр көлік тоқтатылып, ішіндегі жолаушылар туралы мәлімет қағазға түсірілуі тиіс болған. Бірақ бұл процедура ұзақ уақыт алып, салдарынан ұзын-сонар кептеліс орнаған. Сөйтіп, жолаушылар айғайға басқан соң, бұл ойдан бас тартқан сияқты. Қазір жеңіл ғана бір тексеріп, барлығын кіргізіп жатыр.

Қала сырты қарбалас болғанмен, шаһар көшелерінде дүрлігу жоқ. Шымкентте қазір коронавирус жұқтырған 2 азамат тіркелген. Ал 19-ынан бері карантинге алынған Нұр-Сұлтан мен Алматыдан шымкенттіктердің ағылып келгенін ескерсек, бұл көрсеткіш көбеюі мүмкін деген күдік бар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 438 рет