Сәрсенбі, 08 Сәуір 2020 22:12

Түркістан: Отырарлық дәрігерлерге құрмет көрсетілді

Әлемді шарпыған аты жаман індет адамзатты біраз әбігерге түсірді. Жаһанға қатер төндірген қауіпті дертпен күресу барлық мемлекет үшін де оңайға түсіп жатқан жоқ. Осындай қиын сәттерде басын қатерге тігіп коронавируспен ауырып жатқан науқастарды емдейтін дәрігерлердің еңбегі орасан.

 

Сондықтан вирустың одан әрі таралмауы үшін аянбай қызмет етіп жатқан ақ халатты абзал жандарға қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Түркістан облысы, Отырар ауданының жаны жомарт кәсіпкерлерінің демеушілігімен «Біз Біргеміз» акциясы аясында Отырар аудандық орталық ауруханасының оңалту орталығына заманауи үлгідегі теледидар табыс етілді.

 Жанына ем іздеген жандарға қайта аяққа тұруға көмек беретін орталыққа арнайы барған «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Құрман мен кәсіпкер Б.Әлмахан абзал жандардың өлшеусіз еңберіне алғыстарын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

 Орталықта дәрігер реабилитолог, невропатолог, логопед, физиотерапевт, жаттығулар терапевті, массажист сынды білікті мамандар жұмыс істейді. Дәрігерлер қолы ашық кәсіпкерлерге шынайы ризашылықтарын білдіріп, қашанда халық игілігі үшін қызмет етуге дайын екендіктерін жеткізді.

 

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 557 рет