Қазіргі уақытта карантинге алынғандардан теріс қорытынды шыққанымен, олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында ұсталуда,-деп хабарлайды Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Мақтаарал ауданына кіріп-шығып жатқан көліктер мен адамдарды бақылау үшін 9 блог-бекет орнатылған. Атап айтқанда, ауданның кіреберісінде 1-еу және Жетісай ауданымен байланыстыратын 3 блог-бекет жұмыс істеуде. Сондай-ақ, коронавирус инфекциясының анықталуына байланысты Атакент кентінің ішкі көшелеріне 5 блог-бекет қойылған. Міне, бүгін Атакент кентінің бір топ белсенді тұрғындарының ұйымдастыруымен аталған бекеттерде күндіз-түні тынбай жұмыс істеп жүрген полиция, медицина және төтенше жағдай қызметкерлеріне түскі ас тарту етілді.
Бір реттік қолданбалы ыдыстармен таратылған түскі ас 100 адамға жетті. Оңтүстік жұрты сүйіп жейтін палау тағамымен бірге нан, салат, сусындар қоса берілді. Іс-шара барысында бекетте жұмыс істеп жүрген азаматтар тұрғындардың кең пейіліне риза болып, ақ алғыстарын жаудырды.
"Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде бір тудың астынан табылып, барлығымыз еліміздің амандығы үшін еңбек етсек - бұл пандемияны міндетті түрде жеңіп шығамыз деген сенімдемін. Бүгін блог-бекеттерде аудан жұртшылығы үшін тер төгіп еңбек етіп жатқан қызметкерлердің еселі еңбегін ескеріп, түскі астарын ұйымдастыруды қолға алдық. Ел амандығы үшін еңбек еткен азаматтарға осылайша қолдау білдіріп отырмыз!" - деді аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Берік Шәмпиев.
Айта кетейік, Төтенше жағдай кезеңінде мақтааралдық кәсіпкерлер аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік пен гигиеналық заттарды таратып, қолдарынан келгенше көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.