Сейсенбі, 14 Сәуір 2020 20:44

Түркістан: 1973 медицина қызметкері қосымша ақы алды

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржы операторы. Жақында Үкімет тарапынан Covid-19 короновирусымен күресіп жатқан медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берілген болатын. Осыған орай, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевпен атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мәлімет берді.

Соңғы уақытта короновирус инфекциясының  өршуіне байланысты өңірдегі медициналық ұйымдарда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы,  облыс бойынша короновирустың инфекциясымен ауырған науқастарды жатқызу үшін  270  төсек-орын дайын. Пандемиялық індетке ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызып, диагноздарын анықтау мақсатында 570  төсек-орынға провизорлық госпитальдар қарастырылған. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайын. Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 1256 төсек орынға карантиндік орталықтар ашылған.

Қор филиалы директорының айтуынша, қазіргі уақытта Түркістан облысында коронавирус инфекциясымен күрес жүргізіп жатқан медициналық  ұйым қызметкерлерінің жалақыларына қосымша үстеме ретінде 214 837 500  теңге төленді. Сонымен қатар, төсек-орынға  305 924 366  теңге, ПЦР анализге – 60 150 828, 21 теңге қаралды. Бүгінгі күні медицина ұйымдарының қызметкерлері тиісті үстемеақыларын алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жағдайға үнемі жан-жақты талдау жасап отырады. Медициналық ұйымдарды – қордың жеткізушілерін қаржыландыру еш тоқтатылмайды және де тиісті кесте бойынша жүргізіледі.

-Мемлекеттік бюджеттен 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін бекітілген үстеме көлемінде материалдық қолдау көрсету үшін қаражат бөлінді. Ал, Қор оператор рөлін атқарады және қаржыны медициналық ұйымдарға жібереді. Короновирустық инфекцияға қарсы күреске Түркістан облысынан елеулі үлес қосып жатқан 1973 медицина қызметкері қосымша ақы алды.  Тәуекелдің бірінші тобына өте қауіпті жағдайда жұмыс істейтін 27 қызметкер енді. Екінші санат қауіптілігіндегі дәрігерлер мен фельдшерлерге, яғни, 335 медицина мамандарына үстемақы төленді. Үшінші топқа 1611 қызметкер еніп отыр. Үстемақы алғандардың ішінде реанимация бөлімдерін қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші буын медицина қызметкерлері. Сондай-ақ, провизорлық стационар және жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері және жүргізушілер бар – дейді, филиал директоры Асхат Бейсенбаев.

Covid-19 короновирусымен күреске тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы Денсаулық сақтау министрлігінің  2020 жылғы 4 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, аталмыш қауіпті дертпен күресіп жатқан денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің және тәуекел топтарының жалақысына үстемақы мөлшерлері белгіленді. Төлем короновирусты жұқтыру қауіпінің үш тобы бойынша жүргізілетін болады.

Бірінші тәуекел тобы – өте жоғары, бұл жұқпалы стационарлардың, реанимация бөлімшелерінің дәрігерлері, аға және орта медициналық қызметкерлер.

Екінші топқа (жоғары қауіп) провизорлық стационарларға тартылғандар, жедел медициналық жәрдем және санитарлық авиация дәрігерлері мен фельдшерлері кіреді.

Үшінші топқа (тәуекелдің орташа деңгейі) дәрігерлер, карантиндік стационарлардың орта және кіші медициналық қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және басқалар жатады.

Үстемақы алушылардың тізімін жасақтауға әрбір өңірде шұғыл штабтар жанындағы комиссиясы құзырлы. Олардың құрамына қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақ өкілдері кіреді және облыс әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде басқарылады. Яғни, нақты айтқанда үстемақы төлеу туралы шешімді қор шығармайды.

Үкіметтің ағымдағы жылдың 7 сәуірдегі қаулысына сәйкес, эпидемияға қарсы іс-шарларға қажетті заттарды сатып алуға резервтен қаражат бөлінді. Бүгінде «СК-Фармация» арқылы короновирусты анықтау үшін экспресс-тест сатып алуға 3,5 млрд. теңге жұмсау жоспарланып отыр. Нұр Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары 13 сәуірден  бастап экспресс-тесттен тегін өтеді. Бұл шаралар басқа өңірлерде де жүргізілетін болады.

Жалпы, қор қазіргі жағдайға тұрақты талдау жүргізеді. Әрі қызмет көрсетуші медициналық ұйымдарды қаржыландыру тоқтатылмайды.

Айта кетерлігі, тұрғындарды короновирусқа не болмаса медициналық қызметке қатысты сұрақтар мазалаған болса, онда қордың бірыңғай байланыс орталығының 1406 нөмері бойынша қоңырау шалуға, Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасына өтінішін қалдыруға болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 559 рет