Бейсенбі, 23 Сәуір 2020 18:57

Шымкент: Сауда орталықтарында санитарлық талап қатаң

Мегаполистегі дүкендерде санитарлық талап күн тәртібінен түспеген. Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері азық-түлік сататын нысандарды жіті назарда ұстап отыр. Бұл жолы сала мамандары ірі сауда орталықтарының санитарлық жұмыстарын саралады. 

Тұтынушылардың талабын толық қанағаттандырып отырған ірі орталықтардың бірі мегаполистегі «Метро» сауда үйі. Бұл жерге келген адамның дене қызуын автоматтандырылған тепловизорлар анықтайды. Кіреберістің екі жеріне орнатылған құрал ыстығы көтерілген тұтынушыны анықтаса, дабыл қағады. Сонымен қатар дизкілемше, санитайзерлер жиі ауыстырылып тұрады екен. «Ал сөрелерден азық-түлік үзілген емес» – дейді орталық қызметкерлері.

Шымкенттегі Қаратау ауданының өзінде азық-түлік сататын 113 дүкен  бар. Оның 7-і – ірі сауда орталығы. Қаратау аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары осы нысандарға мониторинг жұмыстарын жүргізіп тұрады. Төтенше жағдай кезінде талаптарды сақтамаған 26 дүкеннің иелеріне әкімшілік айыппұл салыныпты.

Барлық сауда орындарында мониторинг жүргізіледі. Рейдтік шара барысында санитар мамандар Бәйдібек би даңғылының бойында орналасқан «Шахан» сауда үйіне де арнайы барды. Орталықтағы тазалық жұмыстарымен танысты. Сатушылардың айтуынша, карантин талаптары күшейгелі, мұнда келушілер азайған. Десек те күнделікті қажетті тауар қорын сақтап отырған көрінеді.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 566 рет