Дүйсенбі, 20 Сәуір 2020 17:07

Шымкентте тағы бір адам коронавирустан жазылып шықты

Шымкент қаласында 19 сәуір күні тағы бір адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. Дертінен сауыққан азаматша - Шымкент қаласының 1996 жылғы тұрғыны.

Науқас 3 сәуір күні жұқпалы аурулар ауруханасына коронавирус инфекциясы диагнозымен жатқызылған еді. Екі аптадан аса дәрігерлер инфекция анықталған пациентке емдеу шараларын үздіксіз жүргізген. Медицина мамандары жүргізген емнің нәтижесінде 24 жастағы бойжеткен қауіпті індетті жеңіп шықты. Осыған орай 8-шағынауданындағы карантин алынды.

Тағы бір айта кететін ақпарат, Шымкент қаласында COVID-19 инфекциясын жұқтырған 5 жағдай тіркеліп отыр. Вирус жұқтырғандар - Шымкент қаласының 1963, 1967, 1985, 1989 және 1994 жылғы тұрғындары. Олар коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған. ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы нақтыланды.

Осыған орай қалада екі ошақ анықталған: Самал-2 шағынауданындағы Балғын көшесі және Тассай тұрғын үй алабындағы Жаңақұрылыс аумағы. Қазіргі таңда науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. 19.04.2020 ж. жағдай бойынша қалада коронавирус инфекциясына шалдыққан 67 адам анықталды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 464 рет