Сенбі, 02 Мамыр 2020 13:10

Мақтаарал ауруханаларында COVID-19 инфекциясымен ауырған науқас жоқ

Мақтаарал ауданындағы су тасқыны барша жұртты алаңдатып отыр. Қазіргі таңда аталған аймақта 4 елді мекеннен 5400 адам эвакуацияланды. Мақтаарал ауруханаларында COVID-19 инфекциясымен ауырған науқас жоқ,-деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Тұрғындардың біразы туыс-туғанына кетсе, үш мыңға жуығы Мақтаарал ауданы, Атакент кентіндегі 10 мектепке бөліп орналастырылды. Азық-түлік, ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді.
Атап өтейік, көршілес Жетісай ауданы COVID-19 инфекциясының облыстағы бірден бір ошағы болып табылатындықтан, көпшілігін қазіргі таңда осы сауал алаңдатуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Жетісай ауданындағы инфекциялық ауруханада облыс бойынша 32 науқас ем алып жатса, Мақтаарал ауданының ауруханаларында бірде-бір науқас жоқ.
Дәрігерлер қазіргі таңда эвакуацияланған халықты індеттен сақтау бойынша барлық шараны қолға алды. Халыққа антисептик, бетперде, қолғап тегін таратылып, әр азаматтың дене қызуы тепловизормен тексерілуде.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша бүгінге дейін 43 адам коронавирус инфекциясынан жазылған. Бұл сан күн санап артып келеді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 


Оқылды 512 рет