Атакент кентінің 1992 жылғы тұрғыны жүк көлігінің жүргізушісі. 26-шы сәуір күні Қазан қаласынан оралған. Айтуынша, Қазан қаласынан Атакентке дейін жалғыз өзі келген. Дәл сол күні дереу Атакенттегі обсервациялық орталыққа жатқызылып, дәрігерлер бақылауына алынған. Талдама қорытындылары оның COVID-19 инфекциясына шалдыққанын анықтаған. Науқас шұғыл түрде Жетісай аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Екі аптадан астам уақыт ем қабылдаған. Бүгін сауығып, үйіне оралды.
Коронавирус инфекциясынан жазылған келесі азамат Мақтаарал ауданы, Мырзакент елді мекенінің 1995 жылғы тұрғыны. Ол 25-ші сәуір күні Атырау – Шымкент бағытындағы ұшақпен келген. Әуежайдан медициналық жедел жәрдем көлігімен тікелей Атакенттегі обсервациялық орталыққа жеткізілген. Сынама қорытындысы Covid-19 инфекциясын жұқтырғанын растап, Жетісай аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. 13 мамырдағы талдама қорытындысы теріс нәтижесін көрсетіп, індеттен жазылған азамат ауруханадан шығарылды.
Жалпы Түркістан облысы бойынша коронавирус инфекциясынан жазылған азаматтар саны 114-ке жетті.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.