Дүйсенбі, 11 Мамыр 2020 19:19

Шымкент: Денсаулық сақтауға байланысты қала әкімінің бірінші орынбасары брифинг өткізді

Шымкентте төтенше жағдай тоқтатылды. Бірақ карантин кезеңі жалғасады. Себебі қауіпті вирус толығымен жойылған жоқ. 12 мамырдан бастап қаладағы барлық базарлар жұмыс істейді. Көптеген кәсіпкерлік нысандар іске қосылады. Осы айдың 25-не дейін жалғасатын шектеу мен жеңілдіктерді қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр баспасөз брифингінде баяндады. 

Мамыр айының 12-нен бастап қала ішіндегі блок бекеттер ашылады. Алайда қала сыртындағы өңіраралық бекеттер жұмысын қатаң тәртіппен жалғастыра береді. Себебі ішкі санитарлық ахуал біршама реттелгенмен, сырттан келетін қауіп жоғары. Сонымен қатар мегаполистегі көлік пен мал базарынан басқа барлық базарлар мен аумағы 2 мың шаршы метрден аспайтын сауда орталықтары жұмысын бастайды. Десек те осы айдың 25-не дейін жалғасатын карантин тәртібі бойынша шектеу шеңберіндегі бизнес нысандар баршылық.

«Көптеген мәдени-отбасылық, спорттық, басқа да бұқаралық іс-шаралардың барлығына шектеу қойылған. Одан кейін ойын-сауық орындарының барлығына шектеу қойылған. Кинотеатр, театр, көрмелер, діни нысандардың барлығына шектеу қойылған. Қалада жұмыс істейтін осы қаулымен жұмыс істейтін нысандардың барлығына сағат 10:00 мен 18:00-ге дейін рұқсат берілген» дейді Ербол Садыр.

Өз жұмысын бастайтын негізгі салалар – медицина, халыққа қызмет көрсету орталықтары, техникалық байқау, сақтандыру орталықтары. Бұлардың барлығы санитарлық нормаларды сақтай отырып іске кіріседі. Ал ойын-сауық орталықтарында балар ойнайтын алаңдар, қоғамдық тамақтану, кинотеатрлар жұмысына тыйым салынған. Бүгінгі таңда Шымкентте коронавирус белгісімен 233 адам тіркелген. Осы уақытқа дейін 130 науқас дертінен айығып, 5 адам қауіпті дерттен көз жұмды. Сондықтан «сақтансаң, сақтаймынды» назардан шығармау керектігін айтады қаланың бас санитары.

«Әлде де болса қауіп сейілген жоқ, қауіп жетеді. Жауаптылықпен сол жұмыстарға өзімізді бағыттасақ. Әр отбасы өзінің қауіпсіздігін сақтау керек. Бір жүйеге келіп қалдық, осыны сақтау керекпіз» – дейді Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев.  

Баспасөз брифингіндегі жағымды жаңалық, карантин кезінде жаяу қалған тұрғындардың уайымы сейілді.  Мамыр айының 12-нен бастап қала ішіндегі қоғамдық көліктер жұмысын бастайды. Тасымалдау компаниялары сақтық шараларына басымдық береді. Бетіңізде бетперде болмаса, автобустарға кіре алмайсыз.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 490 рет