Сәрсенбі, 13 Мамыр 2020 13:20

Шымкентте коронавирустан сауығып шыққандардың саны 150-ге жетті

Шымкентте бүгін коронавирус инфекциясынан 150-ші науқас емделіп шықты. Дертінен сауыққан қыз бала – 2007 жылғы қала тұрғыны. Ол екі аптадан аса дәрігерлердің бақылауында болып, бүгін ауруханадан үйіне шығарылды. 

Соңғы екі тәуліктің ішінде Шымкентте коронавирус инфекциясына шалдыққан 20 науқас емделіп шықты. Қауіпті індетті жеңіп шыққандардың арасында 90 жастағы әжей бар.

Жалпы, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова бүгінде елімізде коронавирустан емделгендер саны індет жұқтырғандардан көбейіп келе жатқанын айтты.

«Бүгінде коронавирустан емделгендер саны 2074-ке жетті. Кеше ғана 130 адам емделіп шықты. Бүгін тағы 15 адам емделіп шығады деп жоспарлануда. Соңғы күндері емделгендер саны індет жұқтырғандар санынан көбейіп келе жатыр. Бұл - өте жақсы көрсеткіш, коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақталып келеді деген сөз. Бұл - елімізде енгізілген төтенше жағдай режимінің нәтижесі деп айтуға болады», - деді Айжан Есмағамбетова.

Оның айтуынша, наурыз айында ауырғандар санының өсуі 150%-ды көрсетсе, соңғы тәуліктерде аурудың өсу көрсеткіші 2,3%-ды ғана көрсетуде.

«Бір апта ішінде бұл көрсеткіш 5%-дан аспады. Төтенше жағдай режимінің аяқталуы карантин шаралары түгел тоқтайды деген сөз емес. Біз әлі де карантин режимін сақтауымыз керек. Ол елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты біртіндеп жеңілдетіледі», - деді ол.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 449 рет