Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап, бүгінгі күнге дейін 2 миллионнан астам көп қолданылатын маска, 88 тонна дезинфекциялық зат, 166 мыңнан астам спрей шығарылды. Медициналық ұйымдар дәрі-дәрмекпен, жеке медициналық қорғау заттармен және тиісті құрал жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Қалада жұқпалы аурулар ауруханасында коронавируске арналған төсек орындар 300-ден 450-ге ұлғайтылды. Бұдан бөлек 320 төсек орындық провизорлық стационар, 1 416 карантиндік орын ашылды.
COVID-19 жұқтырған азаматтарды уақытылы анықтау мақсатындалабораториялық тесттен өткізу шаралары күшейтілді. Қаладағы Ұлттық зерттеу орталығының филиалынан бөлек қосымша 3 лабораториялық зерттеу орны ашылды. Нәтижесінде күніне тестілеу қуаттылығы 300-ден 500-ге жеткізілді.
Сонымен қатар жаңадан 2 лаборатория ашылып, тестілеуді 3 есеге дейін ұлғайтатын болады. Сәуір-мамыр айларында жоспарлы тестілеуден өтетін 23 мың адамның 19 845-і, яғни 86%-ы ПЦР тесттен өткізілді.
Қала әкімдігі резервінен коронавируске қарсы шараларға 1,2 млрд. теңге қаржы бағытталды. Оның ішінде медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 501 млн. теңге бөлінді. Одан бөлек қалада жоба құны 5,8 млрд. теңге тұратын жаңадан 200 орындық жұқпалы ауруларға арналған госпиталь құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1 маусымында пайдалануға берілмек.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.