Сәрсенбі, 02 Қыркүйек 2020 08:39

Шымкентте соңғы тәулікте коронавирус дертін жұқтырғандар тіркелмеді

Шымкентте соңғы тәуліктерде коронавирус дертін жұқтырғандардың дерегі тіркелген жоқ. Бұл туралы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде өткен брифингте айтылды.

Департаменттің Бақылау бөлімінің басшысы Болат Нұрмановтың мәлімдеуінше, Шымкентте КВИ жұқтыру өсімі тоқтаған. Қалада эпидемиологиялық ахуал айтарлықтай жақсарған.

Аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Балкүміс Мұсаеваның айтуынша, биылғы жылдың 24 наурызынан бастап қауіпті дертпен 5174 адам ауырса, оның 4498-і жазылып шыққан. Қазіргі таңда 614 адам ем қабылдап жатыр.

Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысымен шаһарда карантин және шектеу шаралары 14 қыркүйекке дейін ұзартылды. Дегенмен шектеу шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетілуде. Мәдени нысандар: кітапханалар мен мұражайлардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Қоғамдық тамақтану орындары, ашық алаңдағы дәмханалар ашылып, жұмыс уақыты таңғы сағат 09.00-дан, кешкі 23.00-ге дейін ұзартылды. Спорт орталықтары, фитнес залдары, бассейн мен мектептер (оның ішінде 1-4 сыныптар аралығындағы) жұмысын бастады.

Бақылау бөлімінің басшысы Болат Нұрманов қалада сақтық шаралары күшейтіліп, шектеулер енгізілгенімен, карантин талабын сақтамайтындар қатары азаяр емес дейді. Санитарлық эпидемиялық талапты бұзған 386 тұлғаға (оның 30-ы жеке кәсіпкер, 2-уі лауазымды тұлға, 354-і жеке тұлға) хаттама толтырылған. Сөйтіп жалпы сомасы 25 571 490 теңгеге айыппұл салынған.

Десе де, әлемді әбігерге салған індеттің қаупі сейіле қойған жоқ. Сондықтан тәртіпке бағынып, сақтық шараларын орындау өз денсаулығымыз үшін қажет.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 477 рет