Бүгін мәселенің мән-жайын біліп, соңғы мәліметтер бойынша мағлұмат алу үшін Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ғалымжан Айнабекке хабарласқанбыз. Обалы не керек, жауапты азамат Шымкенттегі Республика даңғылы бойында орналасқан сауда орнынан балмұздақ алып жеп, зардап шеккен жандар жайлы нақты мәліметті жасырып-бүркемелемей, ашық айтты. «Ауруын жасырған арам өледі» деген қағида тұрғысынан алғанда, бұл – өте дұрыс қадам һәм оң әрекет.
Сонымен, аталмыш эпидемиялық ошақтан таралған инфекцияның кесірінен Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына науқастардың алды наурыздың 28-інен түсе бастапты. Содан бері күні бүгінге дейін, яғни 28 наурыз бен сәуірдің 2-сі аралығында бас-аяғы 188 сырқат ауруханаға жатқызылыпты. Оның 101-і – ересек, 39-ы – 14 жасқа дейінгі бала, 48-і жасөспірім екен. 101 ересек науқастың арасында 13 жүкті әйел бар. Әзірге сол 188-дің алтауы ғана үйіне шығарылыпты. Оның біреуі – жеткіншек, бесеуі – ересек. Беті бері қарап, үйіне қайтарылған ересектердің ішінде бір аяғы ауыр әйел бар екен.
Алайда «Бірдің кесірі – мыңға, мыңның кесірі түменге тиеді» демекші, бір дүңгіршектен сатылған балмұздақтан уланып, денсаулығына зақым келген аурулардың қарасы соның өзінде әзірге 182-ні құрап отыр. Қалай ойлайсыз, бұл аз ба, көп пе?
Иә, кешегі аптада осы мәселеге орай Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті басшысының орынбасары – ОҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жұмагұл Медетов пен Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Иманалина журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізген-ді. «Барлық науқастарға медициналық көмек көрсетіліп, эпидемияға қарсы шаралар жасалып жатыр» деді жауаптылар.
Өкінішке қарай, бұл реттегі іс-шаралардың тиімділігі өз дәрежесінде еместей әсер қалдырады. Мысалы, егер керек болса, Шымкент қаласындағы емханалардың барлығына едел-жедел тапсырма беріліп, ондағы дәрігерлер өздеріне тиесілі бүкіл учаске бойынша үй-үйді аралап, тұрғындардың хал-жағдайларын біліп, балмұздаққа қатысты оқиғаны құлағдар етіп, қажет болған жағдайда науқастарға бастапқы медициналық-санитарлық, мамандандырылған медициналық көмек көрсеткенінде, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 188 адам түсер ме еді, түспес пе еді?
Оның үстіне санитарлық нормаға сай емес әлгі балмұздақтардан тек Шымкент қаласының ғана емес, шаһарға қонаққа келген ОҚО-ның өзге тұрғындары да дәм татпады дегенге сенесіз бе? Демек, балмұздақтан улану деректері өңірдің өзге қала-аудандарында да кездесуі ықтимал. Қаншалықты рас-өтірігін білмейміз, әйткенмен Мақтаарал, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласы аумағынан денсаулығына байланысты дәл осындай шағым айтқандар бар көрінеді. Егер бұл шындыққа жанасса, облыс орталығынан тыс жерлердегі ахуал қандай? Бұған бас ауыртқан кім бар?
«Естіген құлақта жазық жоқ», балмұздақтан келген кеселдің жай-жапсарымен танысып, нақты «картинаны» өз көзімен көру үшін кеше ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына барған ұқсайды. Өңір басшысы сол жерде қатаң тапсырма берген соң, Денсаулық сақтау басқармасы қимылын одан сайын ширатқан көрінеді.
Ал бізді қызықтыратыны, мұндай жағдайда Денсаулық сақтау министрлігі не істеуі тиіс? Тиісті мамандарын жіберіп, шұғыл қажетті көмек көрсетіп жатыр ма? Егер медициналық көмек көрсетіліп жатса, ол өз деңгейінде болуы үшін инфекциядан зардап шегіп, аурухана төсегіне таңылған науқастардың саны әлі қаншаға жетуі керек?
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.