Жексенбі, 01 Шілде 2018 12:45

Шымкенттегі қорғасын зауытының мұнарасын бұзуға конкурс жарияланды

Бір кездері аты әлемге әйгілі болған, бүгіндері жұмысын тоқтатқан Шымкенттегі қорғасын зауытының мұнарасын бұзуға конкурс жарияланып отыр. Ескі мұнаралар мердігер мекеме анықталған соң бұзылатын болады. Бұл туралы таяуда қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі бұрынғы қорғасын зауытының үш мұнарасын бұзу үшін мемлекеттік сатып алу туралы тендер жариялады. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 9 млн теңге қарастырылған. Алып мұнараларды бұзудың өз қиындығы бар. Осыған орай әкімдік қызметкерлері мен төтенше жағдай мамандары жергілікті тұрғындардың үйлерін аралап, бұзу жұмыстарының салдарынан туындауы мүмкін келеңсіздіктер туралы ескерту жұмыстарын жүргізуде.

Ал конкурс нәтижесі алдағы екі аптада ішінде жарияланбақ. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін жалпы биіктігі 200 метрден асатын үш құбырды бұзу жұмыстары басталмақ.

Қорғасын зауыты бір кездері Шымкенттің ғана емес, бүкіл еліміздің жетекші кәсіпорындарының бірі болатын. Бүгіндері бұл аумақ металл жинаушылардың ғана қызығушылығын тудыратыны жасырын емес. Айтпақшы, зауыт аумағындағы үлкен құбыр дәл осы темір сынықтарын жинайтындардың кесірінен апатты жағдайға жеткен екен.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 10720 рет