Олжас Әбішев ақ халаттылар жиналған ауқымды шарада жаңа жобаның мазмұны мен мақсатына кеңінен тоқталды. Оның пікірінше бұдан былай медицина саласында оң өзгерістер орын алып, қызмет көрсету сапасы артатын көрінеді. Вице-министр жоба аясында алты бірдей бастама іске асырылатынын айтты. Олар 2019 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, жекеменшік медициналық мекемелер мен бәсекелестікті нығайту, денсаулық саласында бірыңғай ақпараттық кеңістік құру, дәрі-дәрмек нарығын,медциналық туризм мен импортты алмастыру, әлеуметтік маңызы бар ауруларға түсетін ауыртпалықты азайту.
«Осы жылдың аяғына дейін медициналық-электрондық төлқұжатты іске асырмақпыз. Осының арқасында науқастар қазіргідей өзімен бірге амбулаториялық медициналық карталарын, анализ талдамаларын қағазға шығарып, алып жүрмейтін болады. Тек өз төлқұжатыңыздағы ЖСН-ді көрсетіп, бүкіл медициналық мәліметтеріңізді компьютер арқылы алуға қол жеткізетіндей мүмкіндік болады»,-дейді вице-министр.
Медицина саласындағы жаңалықтар әсіресе осы саланың қызметіне жүгінетіндерге ыңғайлы болмақ. Барлық мәселе бойынша онлайн түрде жұмыстарын бітіріп, дәрігерді де үйге мобильді қосымша арқылы шақыртуға болады. Бірақ бұл тек қосымша қызмет екенін естен шығармау керек. Медицина саласының қызметкерлеріне арналған бұл түсіндіру шарасы 2 күнге жоспарланған. Мұндай семинарлар Қазақстанның барлық аймақтарында өткізіледі екен.
«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»