Сенбі, 22 Қыркүйек 2018 18:21

Түркістан облысы: Түлкібаста балық шаруашылығы қарқынды даму үстінде

Түркістан облысы Түлкібас ауданында балық шаруашылығы қарқынды түрде дамып келе жатқандығы белгілі. Мұндағы шаруалар бұрын теңіздің ащы суында ғана өсетін бекірені тау бөктеріндегі бұлақ суына бейімдеген. Бүгінде мұнда бекіре, форель, ақ амур, карповый, сазан балықтары бар екенін айта кеткен жөн.

Осыдан 5 жыл бұрынғ яғни, 2013 жылы индустриалды карта аясында ашылған кәсіпорын бүгінде қанатын кеңге жайып келеді екен. Қазір мұнда жылына 40 тонна балық еті мен 30 келіден аса уылдырық өндіріледі. Жалпы кәсіпорын толық қуаттылығына көшкенде 60 тонна бекіре мен 40 тонна форель өсіруге қауқарлы. Өндіріс цехтарында 8 дөңгелек, 7 төрт бұрышты бассейндер орнатылған. Теңіз балығының көбеюіне барынша жағдай жасаған шаруашылықта суды тазалау, жем салу жұмыстарының барлығы автоматтандырылған.

Жоба құны 452 млн теңгені құрайды. Болашақта мұндағы балық санын көбейтіп, цехтардың қуаттылығын арттыру көзделуде. Балық кәсіпорнының бас маманы Андрей Вадимовский: «Қазіргі таңда балық және балық өнімдерін ел аумағында ғана сатып жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, Астана, Алматы, Қызылорда, Тараз қалаларына жібереміз. Форель балығын демалыс орындарына, мейрамханалар мен дүкендерге өткіземіз. Болашақта өнімдерімізді экспортқа шығарсақ деген жоспарымыз бар», - дейді.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1146 рет