Жиында өңірдің инвестициялық және туристік әлеуеті таныстырылып, шетелдік компания басшылары бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Облыс инвестиция тарту бойынша республикада көш басында келеді. Мәселен, өткен жылы 482 млрд. теңге қаржы құйылды. Енді тағы 4,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Қазірдің өзінде оның 12-сі іске асырылуда. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.
Ресей, Иран, Малайзия, Түркия, ҚХР, Чехия, Италия, БАӘ, Польша сынды елдерден келген кәсіпкерлердің қатысымен өткен форумда аймақ басшысы қонақтарды айтулы күнмен құттықтап, облыстың экономикалық әлеуетімен таныстырды.
«Түркістан – талай жылдар бойы қазақ хандығының және түркі әлемінің саяси ордасы, рухани астанасы болған шаһар. Елбасымыз осынау көне қаланы облыс орталығы етіп, оны дамытуға ерекше ықылас танытып отырғаны белгілі. Бүгінде мемлекет тарапынан жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр. Яғни мұнда әуежай, әкімшілік-іскерлік орталығы және тұрғын үйлер бой көтеріп, Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген ақылды қалаға айналатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде өңірдің экономикалық даму мүмкіндігіне қаныққан отандық және түрік компаниялары 100 млн. АҚШ долларынан асатын қаржы салып, 5 жұлдызды қонақ үйлер, ойын-сауық сауда орындары мен фитнес орталықтар ашуды көздеп отыр. Бүгінгі жиын өздеріңізбен осындай іскерлік қарым-қатынас орнатып, нығайтуға сеп болады деген сенімдемін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сонымен қатарөңірді дамытуға бағытталған кезкелген жобаны барлық тараптан қолдауға дайын екенін айтқан облыс әкімі аймақты үш бағытта дамытуға басымдық берілгенін де жеткізді.
Форумда Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев Түркістанның туризм саласындағы мүмкіндігін жоғары бағаласа, «DALHolding» компаниясының басшысы Демирджан Косе Түркістан облысында 200 гектар жылыжай мен цемент зауытын ашуға дайын екенін мәлімдеді. Ал Малайзияның «Nagasteel Equipment Sdn. Bhd.» компаниясының президенті Зайнул Азизан инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларына инвестиция құюға әзір екенін айтты. Сондай-ақ «RIXOS HOTELS» қонақ үйлер желісінің президенті Фетах Таминджи, Еуразиялық туризм ассоциациясының президенті Рысты Қарабаева, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев және өзге де спикерлер баяндама жасап, келешекте Түркістанды туризм көшбасшысына айналдыру бағытындағы ойларын ортаға салды.
Форум аясында В2В форматындағы кездесулер өтті. Сонымен бірге «Туризм индустриясы — Қазақстан экономикасының жаңа драйвері», «Солтүстік-Оңтүстік экономикалық дәлізі» тақырыптарында және агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы адам капиталының рөлі жөнінде пікіралмасулар өтіп жатыр.
Ерекше тарихи-архитектуралық және археологиялық ескерткіштері, айрықша табиғаты бар өңірдің бірінші даму бағыты – туризм. Қазірдің өзінде мұнда мұнда келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы облысқа 270 мыңнан астам саяхатшы келген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Инвестиция тартуға қолайлы екінші бағыт ауыл шаруашылығын саласы. Ауа райы жайлы облыстың ауыл шаруашылық саласы дауы жағынан республикада бірінші орынға шыққан. Сондай-ақ, логистикалық және транзиттік әлеуетті көтеру жұмыс кестеде тұрған үшінші мәселе.
Облыстың экономикалық және инвестициялық әлеуетіне қаныққан шетелдік қонақтар Түркістан өңірінде туризм, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын дамытуға атсалысуға ниетті екендіктерін білдірді. Сондай-ақ Иран, Малайзия, Қытай елдерінен келген инвесторлар аймақта заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар салып, инфрақұрылым мен сандық технологияны дамытуға күш салатынын да атап өтті.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.