Жексенбі, 07 Қазан 2018 11:14

Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға шет мемлекеттерден 250-ден аса делегат қатысқан

Түркістан қаласында «Көне Түркістан  – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форум өтті. Форумға Еуропа елдерінен, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Иран,  Малайзия, Пәкістан, Өзбекстан т.б.  мемлекеттерден 250-ден астам делегат келіп қатысты.

АталғанфФорумда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің дамуы және инвестициялық тартымдылығы жөнінде баяндама жасады. Былтыр өңірге 482 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бойынша республикада үздіктер қатарынан табылған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 129 млрд. теңге тартылып, 2,5 есеге ұлғайған. Облыста шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамыған. Инвестиция тарту мақсатында Түркістан қаласында  «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл аймақта кәсіпкерлерге 25 жылға дейін салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылмақ.     

Форумда ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев, Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев, «RIXOS HOTELS» президенті Фетах Таминджи, Туризмнің Еуразиялық Ассоциациясының президенті Рысты Қарабаева,  Golden Camel компаниясының құрылтайшысы Еянг Джи, «DALHolding» компаниясының басшысы Демирджан Косе, «Атамекен» Ұлтттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және өзге де спикерлер сөз сөйледі.

Форум аясында В2В форматындағы кездесулер өткенін де айта кеткен жөн. Маңызды басқосуда Түркістан облысы әкімдігі мен шетел компаниялары арасында келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Облыстың туристік, экономикалық әлеуетін көтеру, кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында нақты жобалар ұсынылып, шетелдік инвесторлармен келісім жасалды. Сонымен бірге «Туризм индустриясы — Қазақстан экономикасының жаңа драйвері», «Солтүстік-Оңтүстік экономикалық дәлізі» тақырыптарында және агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы адам капиталының рөлі жөнінде пікіралмасулар өтті.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 758 рет