Дүйсенбі, 08 Қазан 2018 15:59

Елбасы өз Жолдауында Түркістан облысындағы «Бөрте-Милка» компаниясының жетістігін тілге тиек етті

Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында Түркістан облысындағы «Бөрте-Милка» компаниясының жетістігіне арнайы тоқталды. Дәлірегі, «Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Мәселен, Түркістан облысында «Бөрте Милка» ЖШС-і жаңа заманауи технологияларды пайдаланудың арқасында өнімділікті 2 есеге арттырған» деді. 

Өзі басқаратын компанияның Жолдауда Елбасының жылы пікірге ие болғанына қуанған «Бөрте-Милка» компаниясының басшысы, түркістандық кәсіпкер Нұралы Әбішев брифинг өткізіп, Елбасыға арнайы телеграмма жолдағанын мәлімдеді.

Жеделхатта белгілі кәсіпкер «Құрметті, Елбасы! Біздің кәсіпорынды бүкіл елге үлгі етіп көрсетуіңіз оның құрылтайшысы ретінде мені айрықша қуанышқа бөледі. Сіздің «Бөрте-Милкаға» арнаған жылы лебізіңіз біздің ұжымға қанат бітірді. Кәсіпорынның осындай дәрежеге жетуіне Сіздің үлесіңіз зор. Себебі, өзіңіздің бастамаңызбен кәсіпкерлік саласына мемлекеттен көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Мен де мемлекеттік қолдауға ие болып, 1 млрд. теңгеге заманауи техникалар мен құрылғылар орнаттым. Нәтижесінде Түркістан облысында жасалған сүт өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне тарап жатыр. Биылғы Жолдауыңызда айтылған міндеттерді орындауға барынша күш саламыз және бастамаларыңызды нақты іспен қолдайтын боламыз!» деп жүрекжарды толқынысын жеткізіпті.

Нұралы Әбішевтің айтуынша, кәсіпкерлерге үлгі ретінде айтылған кәсіпорындағы құрылғылар аса қымбат, әрі сапалы. Кәсіпкер компанияны дамытуға 3 миллиард теңге жұмсаса, оның 1 миллард теңгесіне шетелден құрылғы сатып алған. Бүгінде Ордабасы ауданындағы компанияда 70 адам жұмыс істеп жатыр.

«Елге танымал «Бөрте Милка» сүт-тауарлық фермасы өндірісті модернизациялау шеңберінде швед технологиясы бойынша тәулігіне 8 тонна сүт өндіруде. Өӊірде баламасы жоқ кәсіпорын республика бойынша еӊ заманауи сүт-тауарлық фермаларыныӊ алғашқы үштігіне кіреді. Мұндағы жұмыс толығымен роботтандырылған. Кешенде бүгінде 400-ден аса сауын сиыр бар. Үш мезгіл сауылатын бір ірі қараның тәуліктік орташа өнімділігі — 30-32 литр. Сондай-ақ өңірдегі жас мамандарды жұмысқа қабылдап отырмыз. Алдағы уақытта зауытқа голландиялық технологияны ендіру арқылы өнімділікті еселеуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл Жолдау ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорындарға қолдау болмақ», — деді Нұралы Әлмаханұлы.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 985 рет