«Мал басы санының көбейгеніне байланысты өңірдегі ет өндіру көрсеткіші 7 пайызға артқан. Нәтижесінде өндірілген ет көлемі 154,7 мың тоннаға жетіп отыр. Ал, жұмыртқа өнімі 9,2 пайызға артып, 146,7 млн. дананы құрады. Сүт 3,2 пайызға артып, 555 мың тоннаны құрады. Жалпы облыста 4,5 мың тонна ірі қараның еті алыс жақын шет елдерге экспортталып, тапсырма 4,5 есеге орындалды. Бұл етті экспорттау бойынша өңіріміздің республикада 1-орында тұрғанын білдіреді», – деді Нұрбек Бадырақов.
Бүгінде 2018-2027 жылдарға арналған ұзақ мерзімді етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес Түркістан облысының жұмыс жоспары әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, бекітілген. Жоба бойынша аналық ірі қара мал басын 2027 жылға қарай 1 218,7 мың басқа жеткізу, аналық ірі қара мал басының импортын 36 мың басқа жеткізу, фермерлік шаруашылықтардың аналық ірі қара малын сатып алу 150 мың басқа жеткізу көзделген.Бағдарламаның негізгі міндеті фермерлік шаруашылықтарды дамыту болып табылады. Бағдарлама аясында 15 жылға дейін, 4 пайызбен несие беріледі.
«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»