Баспасөз жиында Ермек Полатұлы 2024 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысымен Шымкент қаласына 203,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117,4% құрады. Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен түскен инвестициялар көлемі 29,5 млрд теңге, ал жекеменшік инвестициялар 174,2 млрд теңгені құрады.
2024 жылы жалпы 928,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 28,2 %-ға артуы күтілуде.
Қалада 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн теңгеге 220 инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Онда жаңа 30 мыңнан аса жұмыс орындары ашылатын болады.
Ал 2024 жылы жалпы құны 262 млрд теңгеге 6336 жаңа жұмыс орындарымен 64 инвестициялық жоба іске асыру жоспарланған.
2024-2028 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі салаларында 532 млрд теңгеге 9,9 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 114 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды.
Айта кетейік, Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 902 өнеркәсіптік кәсіпорын шоғырланған, оның ішінде 20 – ірі, 45 – орта және 837 – шағын өндірістер.
Қала аумағында жалпы аумағы 869 га құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 330,9 млрд теңге сомасына 344 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, бүгінгі таңға 229,0 млрд теңгені құрайтын 287 жоба 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнымен іске асырылды.