Сейсенбі, 02 Шілде 2024 17:59

Отырар ауданының әкімі туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

Көне тарихымыздан сыр шертетін бай мұраларымызды насихаттай отырып ішкі туризмді дамыту алға қойылған негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан Отырар ауданындағы киелі орындармен танысып, табиғатты тамашалауға келген шетелдіктерге қолайлы жағдай жасалуы қажет.

Осы мақсатта бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы қасиетті орындарды аралап, туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан басшысы алдымен «Арыстанбаб» кесенесі аумағындағы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының барысын көрді. Мұнан соң «Отырар төбе» қалажұртындағы реставрациялық жұмыстармен танысып, Сапар орталығындағы туристерге қызмет көрсету бөлмелерін аралап шықты.

Сан ғасырлық тарихы бар киелі Отырар ауданы туризмді дамытуға қолайлы аймақтың бірі. Аудандағы «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалажұртына келушілер саны жыл санап артып келеді. Бүгінде аудандағы киелі орындарға келушілердің саны 113187 адамды құраған.

Аудан әкімі аймақтағы туризм саласы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер тигізетінін атап өтіп, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында істеліп жатқан жұмыстар сапалы атқарылуы керектігін айтып, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 192 рет