Бейсенбі, 18 Шілде 2024 23:18

Түркістан облысы: Созақтағы ірі кәсіпорындардың ел экономикасының дамуына қосып отырған үлесі орасан

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» өнім шығаратын зауытында болды. Кәсіпорын табиғи уран өндірумен, уранның шала тотығы және табиғи уранның химиялық концентратына дейінгі өңдеуді жүзеге асырады. 2006 жылы құрылған кәсіпорында 1 мыңнан астам адам қызмет етеді. Олардың 95%-ы – Созақ ауданының жергілікті тұрғындары. Облыс әкімі кәсіпорын басшылығымен бірқатар маңызды мәселені талқылады.

– Жергілікті халықты қолдауды, ортақ әлеуметтік шаралар ұйымдастыруды күшейтуді ұсынамыз. Оқу орындарын ашуға болады. Онда өздеріңізге қажетті мамандарды даярланса жақсы. Әлемнің ең ірі деген кәсіпорындары қайырымдылық жасау жағына да ерекше көңіл бөледі. Тұрғылықты халықтың қолайлы өмір сүруі үшін жағдайлар жасайды. Ендеше сіздерге де осы бағытта жұмыстарды күшейтуді ұсынамыз. Келісіп жұмыс істейік, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Кәсіпорында уранды тұндыру бойынша аффинаждық цех, уран оксиді тотығын контейнерге түсірудің роботтандырылған кешені және дайын өнім қоймасы бар. «Казатомпром-Sauran» ЖШС табиғи уран өндірісін Түркістан облысында орналасқан «Қанжуған», «Орталық Мойынқұм» және «Мыңқұдық» кен орындарында жүргізеді.

Сонымен қатар облыс әкімі Таукент кентіндегі «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнын аралады. Төртқұдық жаңа зауытының құрылысы мен өндіріс нысандарында болып, жұмысымен танысты. «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны 1996 жылы Созақ ауданының аумағындағы Мойынқұм және Төртқұдық кен орындарын игеру мақсатында іске қосылған. Сол жылдардан бастап өндіріс орны мемлекеттік саясатын жүзеге асырып, еліміздің экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізуде. Уран өндіруде көшбасшы кәсіпорын өңірдегі әлеуметтік жобаларға да демеушілік танытуда.

Облыс әкімі «Катко» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхит Келімбетовпен кездесіп, өңірді дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыру бойынша келіссөз жүргізді. Қазіргі уақытта кәсіпорын құрамында уран бар кен және пайдалы қазбаларды өндіру, өңдеу, тасымалдау, сақтау сияқты қызмет түрлерімен айналысады. Мұнда 1327 адам жұмыспен қамтылған. Оның 50 пайызға жуығы, яғни 611 адам – Созақ ауданының жергілікті тұрғындары. КАТКО 2009 жылдан бері жергілікті экономикаға 4,8 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған.

Жалпы айтқанда, Созақ ауданында атқарылып жатқан істердің қарасы қалың. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, инвестиция тарту, экономикалық өсім – қарқынды. Түркістан облысының маңызды аудандарының бірі саналатын атаулы өңірдің аяқ алысы жаман емес. Кәсіпкерлік саласы мен ауыл шарушылығы саласы да жыл өткен сайын дамудың даңғыл жолына түсіп келеді.

Жалпы өңірлік өнімінің 92,5 пайызын, 419 млрд. 677 млн. теңгесін өнеркәсіп саласы құрайды. Оның ішінде, 329 млрд. 367 млн. теңгесі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға (уран кендерін өндіруге), 85 млрд. 32 млн. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне (уран, алтын өндірісіне) тиесілі.

Енді бір қуанарлық әрі көңіл толатын жағдай аудан экономикасына жарты жылдың көлемінде 40 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Аталған инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына, оның ішінде, уран өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға, электр энергиясымен, газбен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауға бағытталған.

Аудандағы барлық санатта 37123 бас мүйізді ірі қара, 256353 бас қой-ешкі, 24684 бас жылқы, 13452 бас түйе, 32594 бас құс өсірілуде. 2020 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 102,2 пайызға (36315 бас), қой-ешкі 100 пайызға (256248 бас), жылқы 109,3 пайызға (22583 бас) өссе, түйе 13650 бас, құстар 32 780 басты құрады.

 «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіруге тарту мақсатында барлығы 40 бас асыл тұқымды бұқалар сатып әкелініп, 2743 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Қарақұр ауыл округінен жеке кәсіпкер Жасұлан Омарбек 70 млн.теңге өз қаржысына Ресей Федерациясының, Алтай өңірінен 250 бас «Калмык» асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1700 бас түйе аналығын сатып алу межесі белгіленіп, азаматтардың өз қаражаты есебінен 885 бас түйе аналығы және қойдың 1230 аналық басы несиелендіру жолымен сатып алынды.

Келесі салмақты сала кәсіпкерлік. Осы бойынша аудан көлемінде былтыр 405 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 362-ге жетті. Жобаларды қаржыландыру бойынша «Ырыс» МКҰ арқылы 25 жобаға жалпы сомасы 90,9 млн. теңге; «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалы арқылы 57 жобаға 204,3 млн. теңге; «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ТО бойынша филиалы арқылы жалпы сомасы 8 жобаға 64,0 млн. теңге, барлығы 65 жобаға 268,3 млн. теңге несие берілді. Кәсіпкерлік қызметке баулу, микрокредит алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 180 адам оқытылып, 174 адам сертификаттарын қорғады. Оның ішінде 70 адам 653 млн.теңге грант иегері атанды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 жобаға («Дархан-Ас» ӨК) жалпы сомасы 22 млн. теңге несие берілді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 262 рет