Бейсенбі, 18 Шілде 2024 16:27

Министр Түркістан облысындағы су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын оң бағалады

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Министр Сауран ауданы, Ескі Иқан ауыл округінде ағын су тұтынушы шаруалармен кездесті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірде су үнемде технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстарды баяндады.

Министр елімізде ағын су тапшылығын болдырмау, су нысандарын реттеу, жөндеу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді. Шаруалардың мәселесі әрдайым назарда тұрғанын айтты. Тұрғындардың сұрақтары мен өтініштерін тыңдап, пікір алмасты.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов маңызды жобаларға тоқталды. Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылдық округінде «Түркістан» магистралды каналынан ағын су алатын жалпы ұзындығы 335,7 шақырымды құрайтын 113 дана арна мен 105,3 шақырымды құрайтын 18 дана қашыртқы және 72 дана тік дренажды ұңғыма бар. 2019 жылы Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылдық округінде «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының» 2-кезеңінің құрылыс жұмыстары басталған. Жоба құны 10 487,8 млн. теңгені құрайды. Бүгінге дейін мердігер мекеме – «Tunnel Sadd Ariana» тарапынан бірқатар жұмыс атқарылған. Бетондалған арналар 127,02 шақырымға жетсе, қайта тазаланған арықтар – 99,21 шақырым, арналарға 1164 дана су құрылымы орнатылған. 91,8 шақырым болатын 18 қашыртқы тазаланып, 9 көпір ағымдағы жөндеуден өткізілген. 72 дана ТДҰ қазылды (100%). ТДҰ орнатылған трансформаторлық қосалқы станцияларының саны – 17. Электр желісі 113,26 шақырымға жүргізілген (97,3%). Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін 1587,7 млн теңге қажет. Мәселе министрлік пен облыс әкімдігінің бақылауына алынған.

Айта кетейік, ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024- 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу қарастырылған. Биыл жаңадан 22,0 мың гектарға су үнемдеу технологиялары орналастырылады. Қазіргі таңда, нақты 12,9 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде, 8 мың гектарға тамшылатып суғару, 4,9 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиялары орнатылған. Сондай-ақ облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар ашылуда.

Жыл басында «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 млрд теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты жобасы іске қосылды. Сонымен қатар облыста ІІІ тоқсанда «BNK Group LTD» ЖШС мен «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің тамшылатып суғару жүйесін шығаратын кәсіпорындары іске қосылады. Биыл инвестициялық субсидиялау қағидасына сәйкес, су үнемдеу технологияларына кеткен шығынды 80% субсидиялау бойынша облыстық бюджеттен 4,0 млрд теңге қаржы бөлінді. Аталған қаражат 3,1 мың гектарды субсидиялауға жеткілікті.

Жұмыс сапары барысында министр бірінші кезекте су үнемдейтін технологияларды енгізу және суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет бұл үшін субсидия көлемін ұлғайтуға және суармалы суға тарифті төмендетуге дейін барлық жағдайды жасайтынын мәлімдеді. Бұл саладағы мәселелердің шешілуіне барынша қолдау көрсетілетінін айтқан министр, өңірдегі су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарына оң баға берді.

Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылғанын айта кетейік. Сонымен қатар тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленуде. Көрші Өзбекстан елінде су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт басшылығымен Түркістан өңірінде жұмыс бастау туралы келісім жасалды.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы республикада ерекше орын алатыны белгілі. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13 пайызы облыстың үлесінде. Облыста 81,8 мың шаруа, фермерлік қожалықтар жұмыс істейді. Бұл –республиканың 30%-ы. Сондықтан да көтеріліп отырған күн тәртібіндегі мәселелер Түркістан облысы үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екендігін атап өтіп, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалу шараларын қабылдауды Үкіметке тапсырған болатын. Оның ішінде су шаруашылығын дамытуға, су үнемдеу технологияларына кешенді көшуді негізгі басымдыққа қойды. Осы орайда, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы арнайы өңірлерге келіп, тікелей шаруалармен жүздесіп, мәселелерді талқылап жүргенін айта кеткен жөн.

Нұржан Нұржігітов министрлік жұмысының негізгі бағыттары туралы да айтты. Мәселен, Қазақстан бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 57 су қоймасын салу жоспарланып отыр, оның 20-сын Су ресурстары және ирригация министрлігі салады. Сондай-ақ 133 гидротехникалық құрылысты және 14 мың шақырымнан астам суару желілерін жөндеу жоспарлануда.

–Елімізде су шаруашылығы саласын ауқымды трансформациялау негізінен үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі – суды үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалануға түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Содан соң, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту, озық су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру жүйесін күшейту. Сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен су үнемдеу мәдениетін енгізу. Үшіншісі – көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту. Еліміздегі су тапшылығы проблемасын шешу үшін екі негізгі құжат – Су кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалды. Су кодексінің жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан қорғауға басымдық беріледі. Су саласындағы жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Биыл су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарлануда. Негізгі мақсат – шөлейтті аймақ болып есептелетін Түркістан өңірінде жаңа технологияның көмегімен өнім көлемін арттыру, шаруаларға тиімді жол ұсыну. Әрі мемлекеттің субцидиясы қарастырылған. Озық технологияны таңдаған шаруаларға қаржының тең жартысын мемлекет өтеп береді. Су арналарына жақын орналасқан жерлерде кооператив құрып, біріккен диқандарға да қолдау бар.

Заманауи қондырғылар АҚШ, Израиль, Еуропа, Қытай, БАӘ мен Қытай елдерінде жасалады. Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобалары жүзеге асуда. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылды. Түркістан маңындағы өндірістік паркте «BNK Group LTD» ЖШС-нің құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын жылына 960 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауытының 1 кезеңі іске қосылды.

Сонымен қатар «ZHANASSYL» ЖШС-нің құны 6,1 млрд. теңгені құрайтын тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленуде. Аталған жобалар есебінен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің су үнемдеу технологияларына кеткен инвестициялық шығыстарды өтеу үлесі 80 пайызға ұлғайту ұсынысы негізінде облыста су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын толығымен орындауға мүмкіндіктер бар. Қазіргі таңда жалпы алаңы 10,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша құны 17,8 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба дайын.

Түркістан облысының шаруалары бірнеше жылдан бері егістікті жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісіне көшіп жатыр. Техниканы тасымалдаушылар қондырғыны іске қосу, бассейн мен құдық қазу, тоқ беретін генераторды орнату секілді жұмыстарды толық мойнына алады. Алып техника бір жүргенде кемінде аумағы 500 метр жерді суарады.Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.

Өз кезегінде облыс басшылығы министрге су жинау, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарын енгізу, су үнемдеу технологияларын пайдалану және басқа да маңызды мәселелер бойынша баяндап берді. Ұсыныстар енгізіліп, жоспарлар жасалды. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің жұмыс сапары Мақтаарал және Жетісай аудандарында жалғасады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 195 рет