Сәрсенбі, 17 Шілде 2024 12:48

Түркістан облысы: Созақ ауданында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің саны артып келеді

Созақ ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы балық шаруашылығын жолға қойған азаматтардың саны күн санап артып келе жатыр. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған кәсіпкерлердің шаруашылығымен танысып, кәсіп иелерімен пікір алмасты.

Бүгінде Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алды. Өткен жылдың қараша айында 850 келі толстолоб балығын салып, қазіргі уақытта өнімін сатуға дайындауда. Шабақ күйінде жіберілген балықтар 2-3 келіге дейін ет жинаған.

Сонымен қатар, шаруашылықты жолға қойған кәсіпкердің қатарында Амангелді Әділжан да бар. 8,3 млн теңге жеңілдетілген несие алып, өткен түні 10 000 дана сазан шабағын қолдан қазылған тоғанға жіберді. Тоғанның аумағы 15 сотық, тереңдігі 2 метрге дейін барады. Бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер келешекте қосымша 3 тоған қазып, шаруашылығын арттыруды жоспарлауда.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы балық шаруашылығын дамыту мақсатында 7 азамат 56,6 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, кәсібін ашуда. Қазіргі таңда балық шаруашылығын дамытушы кәсіп иелері 25 000 форель, 30 000 сазан, 4 000 толстолоб, барлығы 59 000 балық өсіруде. Бұған қоса, 3 азамат ауыл шаруашылығы жайылым жерлерінің мақсатын балық шалуашылығына өзгерту жөнінде өтініш қалдырған. Бұл азаматтар алдағы уақытта өз қаражаты есебінен кәсібін ашуды жоспарлауда.

Жалпы Созақ ауданында тауарлы балық өндірумен 8 шаруашылық айналысады. «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Нұрахмет Қазақбаевтың айтуынша, 2015 жылдан бері өз жұмысын бастаған «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр 180 тонна өнім алып, сол жылдың күзінде тағы 500 мың дана шабақ жіберіп 200 тонна өнім алған. Сондай-ақ, шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, балық өсіру кезінде пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.

«Бүгінде «Бабата» су қоймасында тауарлы балық өсірумен айналысып, жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Оның ішінде дөң маңдай, ақ амур және сазан балықтары бар. 2018 жылдан бері мемлекеттен қажетті қолдаулар болып жатыр. Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен тиісті басқарма осы тауарлы балық өсірушілерді қолдап, қазір мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Тауарлы балықпен айналысу оңай шаруа емес, бір жылда өнім ала алмайсың. Салған шабақ үш жылдан кейін ғана өнім береді. Сол уақытқа дейін қаражат салып, шабақтарды бағып үлкейту керек. Өткен жылы облыс әкімі біздің балық жемін шығаратын зауытымыздың жобасымен танысты. Жемі болмай бұл саланы дамыту қиын. Облыс әкімінің тапсырмасымен жеңілдетілген несие беруге ұсыныс берілді. Несие берілсе енді біз балықтың жемін шығаратын зауыт салмақпыз. Жемді өзіміз шығаратын болсақ, балықтан пайда мол болар еді. Біздің балықтар экспортталатын балық емес. Қазір тек өзіміздің ішкі базарларға сатылады. Келешекте көк серке балығын да өсіруді қолға алып, балық өнімдерін қайта өңдеу зауытын іске қосуды көздеп отырмыз», — дейді Нұрахмет Қазақбаев.

Қазіргі таңда ауданда жеті мекеме бірігіп, Созақ балық өнімдері ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрып, балықтың жемін шығаратын зауыт салуға жұмыстар жүріп жатыр. Әзірге жемді сырттан сатып алып отыр. Еске сала кетсек, Созақ ауданындағы «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2015 жылы 100 мың шабақ, 2016 жылы 120 шабақ, 2017 жылы 80 мың шабақ, 2018 жылы 120 мың шабақ, 2019 жылы 100 мың шабақ, 2020 жылы 400 мың шабақ, 2021 жылы 900 мың шабақ, 2022 жылы 750 мың дана шабақ салған. Ол шабақтар инкубациялары бар қожалықтардан сатып алынған. Келешекте шарушылықтың өзі инкубацияларды орнатып шабақ шығаруды да қолға алмақшы.

Осы тұста айта кетерлігі, Түркістан облысы балық өндіруден көш бастап тұр. Бүгінде Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары.

«Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылы жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, 26 шаруашылыққа субсидия берілген. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов.

Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.

Балықшылар соңғы уақытта су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлуді сұрап жүр.

Жалпы, облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған-ды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма бергені — есте. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын обьектілерін ашу жоспарын орындауды облыс әкімдігі жіті назарда ұстап отыр.

– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін берулі қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – дейді Ермек Кенжеханұлы.

Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады деп межеленген.

Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Расында да, мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.

Бүгінде облыста жоспарға сәйкес, жаңадан 28 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік аулада ашылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Атап айтсақ, Бәйдібек – 3, Түлкібас – 5, Кентау – 2, Сауран – 3, Сайрам – 3, Ордабасы – 3, Жетісай – 1,Қазығұрт – 1, Төлеби – 1, Шардара – 6. Сонымен қатар балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде 4 шаруашылыққа 1,6 млрд. теңге несие беру қарастырылып жатыр. Жалпы облыста қуаттылығы жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Атап өтсек, Шардара ауданы – «Хамит» АӨК, ЖК «Жалғасбаев», «Шардара балық – 1» ЖШС, «Саодат» ЖШС, «Бәйтерек БММ» ЖШС, Сайрам ауданы – «Көмеш балық» ЖШС, Түлкібас ауданы – «First Fish Company» ЖШС.

Бүгінгі таңда Түркістан  бойынша  кәсіпорынның 2023 жылғы  статистистикасы: 17000 шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелді, олардың 15391 жұмыс істеп тұр. Тіркелген заңды тұлғалар ішінде шағын заңды тұлғалар саны (100 адамға дейін) – 16370, орта заңды тұлғалар (101 ден 250 адамға дейін) – 525, ірі заңды тұлғалар (250 адамнан жоғары) – 105, оның ішінде жұмыс істейтіндер — тиісінше – 14761, 525 және 105 бірлік.  Айта кететіні қызметкерлерге берілетін айлық көрсеткіші орта есеппен 240720 теңгені құрап отыр. Осы тоқсанда нақты жалақы индексі 97,2% құрады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 60 рет