«BNK Group LTD» ЖШС-ның құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты Түркістан қаласында орналасты. Осы кәсіпорынның 50 мың гектарды, «Тұран су» мекемесінің жылына 9 мың гектарды тамшылатып суғару жүйесін өндіретін кәсіпорындары маусым айында іске қосылады. «Инвестициялық субсидия» бағдарламасы аясында су үнемдеу технологиясын енгізу шығынының 50%-ын өтеу, жергілікті бюджет есебінен өтеу үлесін қосымша 30%-ға ұлғайту қарастырылған.
Су жинауға мүмкіндік беретін бірқатар су нысандарының құрылысы басталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Түркістан магистралды каналының» ұзындығы 59 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде 60 млн текше метр су үнемделді. «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, 31 млн текше метр су Түркістан қаласы аумағына жеткізілді. Бұдан бөлек «Бәйдібек ата» су қоймасы салынып жатыр. 68 млн м3 су сиятын жобаның құны 15,9 млрд теңге. Келесі жылы «Боралдай» су қоймасы құрылысын бастау көзделген. 50 млн м3 су сиятын су қоймаға 13,8 млрд теңге қажет. Аталған жобалар қосымша 113 млн текше метр суды жинауға мүмкіндік береді.
Түркістан өңірінде су шығынын азайту технологиясы 32 298 гектарға енгізілді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектарға егілді. Сұранысқа байланысты түсімі жоғары дақылдарға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, масақты, малазықтық дақылдар, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға артты. Мақта дақылын 11 мың гектарға, майлы дақылдарды 6 мың гектарға азайды.
Тәжірибе ретінде 3000 гектардан астам алқапқа мақта жаңа әдіспен егілді. Бұл технология су, энергия, еңбек ресурсын, минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан кемінде 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Түсім облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Алдағы 5 жылда мақта 41,4 мың гектарға, күріш 1,2 мың гектарға азайып, жүгері, бұршақты, малазықтық дақылдарға алмастырылады. Су үнемдеу технологиясы өсімдікке қоректі тікелей беріп, су мен тыңайтқыш шығынын айтарлықтай азайтады. Шаруа жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады.
Биыл су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарлануда. Негізгі мақсат – шөлейтті аймақ болып есептелетін Түркістан өңірінде жаңа технологияның көмегімен өнім көлемін арттыру, шаруаларға тиімді жол ұсыну. Әрі мемлекеттің субцидиясы қарастырылған. Озық технологияны таңдаған шаруаларға қаржының тең жартысын мемлекет өтеп береді. Су арналарына жақын орналасқан жерлерде кооператив құрып, біріккен диқандарға да қолдау бар.
Заманауи қондырғылар АҚШ, Израиль, Еуропа, Қытай, БАӘ мен Қытай елдерінде жасалады. Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобалары жүзеге асуда. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт жоғарыда айтып өткеніміздей Түркістан облысында іске қосылды. Түркістан маңындағы өндірістік паркте «BNK Group LTD» ЖШС-нің құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын жылына 960 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауытының 1 кезеңі іске қосылды.
Сонымен қатар «ZHANASSYL» ЖШС-нің құны 6,1 млрд. теңгені құрайтын тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленуде. Аталған жобалар есебінен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің су үнемдеу технологияларына кеткен инвестициялық шығыстарды өтеу үлесі 80 пайызға ұлғайту ұсынысы негізінде облыста су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын толығымен орындауға мүмкіндіктер бар. Қазіргі таңда жалпы алаңы 10,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша құны 17,8 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба дайын.
Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суғару әдісі – халықтың әл- ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да септігін тигізіп отыр. Жаңбырлатып суару қондырғыларының заманауи түрлерін мамандар бағдарламасын ұялы телефонға жүктеп алып, үйде отырып та басқаруға болатынын айтады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын ендіру тапсырмасын жүзеге асыру аясында Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын ендіру шаралары кеңейтіліп, қаржыландыру тетіктері мен механизмдері қарастырылуда. Біз, облыс әкімдігі тарапынан бұл бағытты қолдауға барлық мүмкіндіктерімізді қарастырамыз. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану – маңызды міндеттің бірі. Алғашқы кезекте біз суармалы алқаптарды қамтамасыз етуіміз керек. Аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Сондай-ақ бұл жұмыстардың барысында Отандық өндірушілерге басымдық беріледі, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі су үнемдеу технологияларын ендіру жобаларына қажетті жеңілдетілген несие, субсидия көлемдерін есептеп облыстық, республикалық бюджетке ұсыныс енгізуді тапсырды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасын су үнемдеу технологияларына бағдарлауды пысықтауды жүктеді.
Ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару. Түркістан облысында көптеген шаруа қожалықтары осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп. Атап айтқанда, тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды және мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді.
Түркістан облысының шаруалары бірнеше жылдан бері егістікті жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісіне көшіп жатыр. Техниканы тасымалдаушылар қондырғыны іске қосу, бассейн мен құдық қазу, тоқ беретін генераторды орнату секілді жұмыстарды толық мойнына алады. Алып техника бір жүргенде кемінде аумағы 500 метр жерді суарады.
Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында, Шардара ауданының индустриалды аймағында 35 га аумаққа құны 32 млрд. теңгені құрайтын Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда.
Ағын су тапшылығын төмендету мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 32 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді.Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген (22 мың га. тамшылатып, 10,3 мың га. жаңбырлатып). Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайғалы отырған машина станциясының тиімді тұстары көп. Ол техникалық қызмет көрсетуде қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Әрі қауіпсіз. Энергия көзі ретінде дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы – экономикалық жағынан тиімді. Жаңбырлатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат