Сәрсенбі, 31 Шілде 2024 20:26

Түркістан: Премьер-Министрдің кеңесшісі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы іс бастаған кәсіпкерлермен кездесті

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов арнайы Іссапар барысында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бірге бірқатар жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсібін бастаған тұрғындардың жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерінің ұсыныстарын тыңдады.

Алдымен, Ералы Тоғжанов Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінде болып, Ибата елді мекеніндегі Жасур Муминовтың балық шаруашылығымен танысты. Шаруа өз кәсібін 2023 жылы мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен бастаған. Кәсіпкер 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге қаржы алған. Бүгінгі таңда 240 шаршы метр жердегі 4 бассейнде балықтың «форель» түрін өсіруде. Ол жарты жылда 2 тонна, ал жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Мұнда 4 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта шаруа кәсібін кеңейтуды жоспарлауда.

Премьер-Министрдің кеңесшісі Ескі Иқан ауылдық округіндегі наубайхана жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Махина Муслимова 2023 жылы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының 6-шы бағыты арқылы 7 млн. теңге алып, наубайхана жұмысын бастаған. Наубайханада күніне 1600 дана бөлке нан шығарылып, дүкендерге өткізіледі. Қазіргі таңда кәсіпкер шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін шығаруда. Мұнда жергілікті 10 тұрғын жұмыс істейді. Кондитер иесі кәсібін кеңейтіп, жұмысшы санын екі есе арттыруды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, Түркістан облысына іссапар барысында Ералы Тоғжанов Оранғай ауылдық окруіне барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалардың жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Сейтходжаева Нигора бардарламамен 5 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, 0,80 гектар аумаққа жылыжай кешенін салған. Жылыжайда жылына 4 тонна қияр өнімі алынады. Кешені толық тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған.

Сонымен қатар бағдарлама аясында 7 млн. теңге қаражат алып, іс бастаған жеке кәсіпкер Бахадир Исраиловтың ірі қара мал бордақылау алаңына арнайы барды. «Рустамбек» шаруа қожалығы 3 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, егін шаруашылығымен айналысуда. Онда жылына 120 тонна бидай мен 100 тонна бақша өнімдері өндіріледі. Кәсіпкер ауыл тұрғындарына жер жырту және дәрілеу қызметтерін қатар көрсетеді.

«Тұрғындардың өз кәсібін ашу» бағыты бойынша 5 млн. теңге қаражат алған Бабир Насировтың дәнекерлеу цехы 300 шаршы метрді құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны жылына 3000-нан астам темір есік және үстел шығаруға қауқарлы. Кәсіпкер 12 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Абдусардар» жиһазының өнімдері нарықта сұранысқа ие.Премьер-министрдің кеңесшісі өңірдегі жұмыстарды оң бағалап, жобаны жалғастыруды, үздік тәжірибелерді батыл енгізуді тапсырды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірімізде нәтижелі іске асып жатқанын мәлімдеді. Өткен жылы республикалық бюджеттен қаралған 19,8 млрд. теңгеге егін, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлігін қолдау сынды 6 бағытты қаржыландыруға басымдық берілгенін атап өтті. Бағдарлама пилоттық режимде 16 ауданның 64 ауылдық округінде іске асырылып, жаңадан 75 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылғанын мәлімдеді.

«Ауыл аманатын» іске асырудың алғашқы жылының нәтижесінде ауылдық жерлерде 3256 жоба қаржыландырылып, 3413 жаңа жұмыс орындары құрылғанын, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі қосымша 30,0 млрд. теңгеге артады деп күтілетінін жария етті. Бағдарламаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық берілгенін, қаржыландырылған жобалар санатында 40 ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техникалық жабдықталу деңгейі артқанын атап өтті.

Бағдарламаны 2024 жылы жалғастыруға республикалық бюджеттен 13,2 млрд. теңге бөлінген. Жоспар бойынша бағдарламаға қатысушы ауылдық округтерде 62 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылмақ. Өңір көлемінде 1600 жобаға қолдау көрсетіліп, 3324 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Мемлекет басшысының су үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу тапсырмасы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8 мың гектар егістік алқапқа тамшылатып суару технологиялары енгізіледі деп жоспарланған. Бағдарламаға қатысушы ауылдық округтерде су үнемдеудің технологиялық шешімдеріне басымдық берілмек.

Түркістан облысында өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС бірлесіп, аталған бағдарламаны іске асыру жұмыстарын жүзеге асырды. Бағдарлама аясында үлестірілген қаржының мақсатты жұмсалуын тексеру мақсатында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС мониторинг бөлімінің менеджерлері мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Шынын айту керек, «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарланғаны тағы бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру қарқынды жүргізілуде. Жаңа жоба Түркістан өңірі үшін өте-мөте маңызды екені аян. Себебі, облыс тұрғындарының негізгі бөлігі ауылдық елдімекендерде өмір сүріп жатыр. Ал «Ауыл аманаты» осы орайда ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба екені сөзсіз. Жобаның тиімді шарттарының бірі – кредиттері бар және аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Ерекшелігі — бюджет қаражаты жұмсалмайды. Кепіл қажет емес, пайыздар жоқ. Сол себепті барлық ауыл тұрғындарын республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба белсенді атсалысып, табыс табуға шақырған болар едік.

Айта кетерлігі, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан-қалаларды аралау барысында несие алуға ниет білдірген тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдап, жобаның маңыздылығын түсіндіріп-ақ келеді. Өйткені Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 89 рет