Сәрсенбі, 07 Тамыз 2024 15:29

Түркістан облысы: Түлкібас ауданында өндіріс жанданып келеді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барды. Бүгінде Түлкібас ауданында мемлекеттік қолдаумен өндіріс саласы қарқынды дамуда. Жергілікті кәсіпкерлер субсидия, жеңілдетілген несие алып, бизнесін кеңейтіп жатыр. Пандемия кезінде тұралап қалған кәсіпорындар жұмыстарын жандандырды.

Әкімдіктің қолдауымен түрік инвесторлары қаржы құйған «Azia Food Company» ЖШС биыл қайта іске қосылған. Ұн диірмен кешені жылына 36 мың тоннаға дейін бидай өңдеуге қауқарлы. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына іссапарында зауыт жұмысымен танысты. Биыл әкімдік қолдауымен «GRAND FLOUR INDUSTRY» ЖШС - мен серіктестік шикізатын өндіру бойынша келісімшартқа тұрған кәсіпорын қарқынды жұмыс істеуде.

– Біздің басым бағытымыз – өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту. Кәсіпкерлік арқылы мемлекет дамиды. Сондықтан осы салаға қолдау көрсетіп, жұмысты жандандырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды. Сондай-ақ бұл аумақта ұн комбинаты, 2 консерві зауыты, әк зауыты жұмыс істеп тұр. Өз өнімдерін таныстырған кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алып, бизнестерін кеңейте бастаған. Жергілікті кәсіпкер 7 гектардан жиналған патиссон (табақша тәрізді асқабақ) жемісіне деген сұраныстың жоғары екенін жеткізді. Таулы аймақта ғана өсетін дәруменге бай өсімдік Түлкібас ауданында өсіріле бастаған. Түлкібас ауданында 32 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Биыл ауданда шағын орта бизнес саласындағы кәсіпорындар саны 10 мыңға жетіп, жаңадан 12 720 жұмыс орны ашылды. Түлкібастың құнарлы топырағында өсетін алмасы алыс-жақын шетелдерге танымал брендке айналды. Қырғызстан, Өзбекстан пен Ресей нарығында үлкен сұраныста. Ауданда алма бауды дамыту қарқын алып келеді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына іссапарында Шақпақ ауылдық округіндегі «Кен-Тау» ЖШС арнайы барды. Кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. 12 жылдан бері қарқынды алма бау өсірумен айналысып келетін серіктестікте 240 гектарға қарқынды бау отырығызылған. Израильден алынған су үнемдеу технологиясын пайдаланып, 30 гектар жерге қарқынды алма бау отырғызуда. Жыл сайын 4-6 мың тонна көлемінде өнім жинайды.

«Кентау» ЖШС-нің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың жыл санап артуына байланысты, алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап, қыс мезгілінде 4400 тоннаға дейін экологиялық таза Түлкібас алмасын сауда қатарларына жеткізуді көздеп отыр. Жалпы Түлкібас ауданында алма бау көлемі 3 мың гектарды құраса, соның ішінде 7 жүз гектардан астамын қарқынды бау алқабы алып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын барынша пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру тапсырмасына сәйкес, биыл Түлкібас ауданында 55 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген қарқынды алма бау отырғызылды.

Әлеуметтік мәселелерге келер болсақ, қазір Түлкібас ауданында бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Ауданға іссапармен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Нұршуақ мөлтек ауданындағы әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысын бақылады. Бұл жерде 2 қабатты, 20 пәтерлік 2 тұрғын үйдін құрылыстары ағымдағы жылдың мамыр айында бастау алған. Нысандар осы жылдың қыркүйек айында толық аяқталып, үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. Сондай-ақ жаңа шағынауданда 56 пәтерлі үш тұрғын үй салынып жатыр. Аталған баспаналарды банк арқылы қолжетімді бағамен ұсыну бағыттары қарастырылуда. Айта кетерлік, бүгінгі таңда Түлкібас ауданында 3100 азамат үй кезегінде тұр.

Өңір басшысы сондай-ақ жұмысын жандандырған жергілікті кәсіпкермен кездесті. «Стас и К» өндірістік кооперативі 2004 жылдан бері газ және су тасымалдауға арналған полиэтилен құбырларларын өндірумен айналысады. Кооператив басшысы жұмысын кеңейтіп, заманауи құрал жабдықтармен жаңа жүйені іске қосқан. Бүгінгі таңда өндіріс ошағында 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.Облыс әкімі жауаптыларға ауданды дамыту жұмыстарын жалғастыру, құрылыс сапасын қадағалау, кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр. Кезекте тұрғандарға 2024 жылы 2469 пәтер сатып алуға 36,5 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде: «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 504 пәтер сатып алуға 6,6 млрд. теңге қаралған. Ал «Самұрық-Қазынаның» кредиттік қаржысы есебінен 1989 пәтер сатып алуға 29,9 млрд. теңге қаралып отыр. Бүгінде аудан, қалаларда аталған үйлерді салатын жер белгіленіп, кейбір аудандарда құрылыс басталып кеткен.

Аудан, қала әкімдіктеріне, құрылыс жүргізуге 1, 2 және 3 қабатты тұрғын үйлердің типтік жобалары ұсынылған. Аталған қаржы аясында облыс бойынша жалпы 113 000 шаршы метр құрайтын 114 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл үйлердің басым бөлігі сатып алу құқығымен жалға немесе ипотекаға беріледі деп жоспарланып отыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 69 рет