Сонымен қатар, журналистер аталған ауылдық округте орналасқан «Ақниет Холдинг» Мүгедектор қоғамының зауытына барды. Онда тұрақты жұмыс істейтін 100 адам әскери шатыр өндірісімен айналысады. Бұдан бөлек, өндіріс орны корпустық, жұмсақ және медициналық жиһаз өндірісін қолға алған.БАҚ өкілдерінің келесі барған нысаны - Қарашық ауылдық округіндегі «Дильназ» шаруашылығы болды. Жылыжайда жыл бойы түрлі үй және көше өсімдіктері өсіріледі. Олардың қатарында раушан, лотос, шырайгүл, шырша, жеміс ағаштары бар. Жайқалған гүлдерге сұраныс көп. Алыс-жақын қалаларға жеткізу қызметі де қолға алынған. Кәсіпкер Дильназ Омарова гүлді суаруда заманауи технологияларды қолданып келеді. Қазіргі таңда жылыжайда ауыл тұрғындары жұмыс істейді. Сонымен қатар, кәсіпкер бөлме гүлдерін отырғызатын керамикалық ыдыстар мен түрлі мүсіндер дайындайды.
Сондай-ақ, БАҚ өкілдері Шорнақ ауылдық округіндегі «TAK Mebel» жиһаз кәсіпорнына аялады. Жылына 12 000 дана өнім өндірілетін цехта 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сапалы жиһаздарға сұраныс жоғары. Жиһаз өнімдері сапа менеджменті сертификатпен расталған.
Ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жыл басында су үнемдеу технологияларын өндіруші, жеткізуші кәсіпорындар мен тауар өндірушілермен кездескені белгілі. Биыл су үнемдеу технологиясын өңірде қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарлануда. Негізгі мақсат – шөлейтті аймақ болып есептелетін Түркістан өңірінде жаңа технологияның көмегімен өнім көлемін арттыру, шаруаларға тиімді жол ұсыну. Әрі мемлекеттің субцидиясы қарастырылған. Озық технологияны таңдаған шаруаларға қаржының тең жартысын мемлекет өтеп береді. Су арналарына жақын орналасқан жерлерде кооператив құрып, біріккен диқандарға да қолдау бар.
Заманауи қондырғылар АҚШ, Израиль, Еуропа, Қытай, БАӘ мен Қытай елдерінде жасалады. Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобалары жүзеге асуда. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылды. Түркістан маңындағы өндірістік паркте «BNK Group LTD» ЖШС-нің құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын жылына 960 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауытының 1 кезеңі іске қосылды.
Сонымен қатар «ZHANASSYL» ЖШС-нің құны 6,1 млрд. теңгені құрайтын тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленуде. Аталған жобалар есебінен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің су үнемдеу технологияларына кеткен инвестициялық шығыстарды өтеу үлесі 80 пайызға ұлғайту ұсынысы негізінде облыста су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын толығымен орындауға мүмкіндіктер бар. Қазіргі таңда жалпы алаңы 10,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша құны 17,8 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба дайын.
Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суғару әдісі – халықтың әл- ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да септігін тигізіп отыр. Жаңбырлатып суару қондырғыларының заманауи түрлерін мамандар бағдарламасын ұялы телефонға жүктеп алып, үйде отырып та басқаруға болатынын айтады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын ендіру тапсырмасын жүзеге асыру аясында Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын ендіру шаралары кеңейтіліп, қаржыландыру тетіктері мен механизмдері қарастырылуда. Біз, облыс әкімдігі тарапынан бұл бағытты қолдауға барлық мүмкіндіктерімізді қарастырамыз. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану – маңызды міндеттің бірі. Алғашқы кезекте біз суармалы алқаптарды қамтамасыз етуіміз керек. Аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Сондай-ақ бұл жұмыстардың барысында Отандық өндірушілерге басымдық беріледі, – дейді Дархан Сатыбалды. Облыс әкімі су үнемдеу технологияларын ендіру жобаларына қажетті жеңілдетілген несие, субсидия көлемдерін есептеп облыстық, республикалық бюджетке ұсыныс енгізуді тапсырған болатын. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасын су үнемдеу технологияларына бағдарлауды пысықтауды жүктеді.
Ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару. Түркістан облысында көптеген шаруа қожалықтары осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп. Атап айтқанда, тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды және мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді.Түркістан облысының шаруалары бірнеше жылдан бері егістікті жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісіне көшіп жатыр. Техниканы тасымалдаушылар қондырғыны іске қосу, бассейн мен құдық қазу, тоқ беретін генераторды орнату секілді жұмыстарды толық мойнына алады. Алып техника бір жүргенде кемінде аумағы 500 метр жерді суарады.
Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында, Шардара ауданының индустриалды аймағында 35 га аумаққа құны 32 млрд. теңгені құрайтын Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда.
Ағын су тапшылығын төмендету мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 32 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді.Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген (22 мың га. тамшылатып, 10,3 мың га. жаңбырлатып). Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайғалы отырған машина станциясының тиімді тұстары көп. Ол техникалық қызмет көрсетуде қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Әрі қауіпсіз. Энергия көзі ретінде дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы – экономикалық жағынан тиімді. Жаңбырлатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат