Бейсенбі, 29 Тамыз 2024 14:46

Биыл Түркістанда 45көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек

Түркістан қаласында өткен жылдың қорытындысымен асфальт жолдардың үлесі 383,9 (45,4%) шақырымды құраған болатын. Сондай-ақ, соңғы үш жылда шаһар аумағындағы топырақ жолдардың шешімі табылды.

Жалпы қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Биыл оның 50,8 шақырымды құрайтын 45 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 23,8 шақырымды құрайтын 20 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары бастау алды. Аталған жол сапасын жақсарту мақсатында жасалған жұмыстарға қаржы толықтай бөлінген жағдайда, 45 көшенің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады. Нәтижесінде жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесін 51,4%-ға жеткізу көзделіп отыр. Ал келесі жылы 50,5 шақырымдық 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Аталған жөндеу жұмыстары іске асқан жағдайда, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі 57,4%-ға жетіп, асфальт жолдар ұзындығы 485,2 шақырымды құрайды.

Жалпы, Түркістан облысында жолдың құрылысын дұрыс жүргізбеген компаниялар сотқа беріліп, заң аясында жауапкершілікке тартылады. Аталған саладағы мәселелер жыл басында облыс әкімі аппаратының мәжілісінде талқыланғаны белгілі. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне жол құрылысы саласындағы жұмысты сапалы атқару керектігі жөнінде былай деп ескерткен болатын: – Әрбір аудан, қала әкімі өздері басқаратын аумақтағы жолдардың жай-күйін, сапасын біліп, жол салу қажетті аймақтар бойынша ұсыныстарын тұрақты түрде беріп тұрсын. Жол саласына жауапты басқарманың облысты сапалы жолмен қамту бағытындағы арнайы жоспары, картасы болуы тиіс. Жолдың сапасына тұрақты түрде мониторинг жасалсын. Жұмысты сапасыз атқарған мердігерлер бойынша заң шеңберінде жұмыс жүргізіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, облыста 2023 жылы 48 млрд. теңгеге 676 нысан, яғни, 1586,4 шақырым жол жөнделген. 2024 жылы 747,8 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелері жөнделіп, жаңартылады деп жоспарланып отыр. Оған республикалық және облыстық бюджеттен, сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы қаржы бөлу жалғаспақ. 2024-2026 жылдар аралығында облыстық, аудандық маңызы бар жолдар және елді мекенін көшелерінде жалпы 1004 нысан немесе 2445,6 шақырым жол мен көшені жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу көзделген.

Өңірде жолдардың сапасына тұрақты түрде мониторинг жасалуда. Тиісті мекемелер арқылы жолдардан тиісті сынамалар алынып, көптеген кемшілік анықталған. Басқарма тарапынан техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 170-ке жуық ескерту хаты жолданған. 19 нысан бойынша 24,3 млн. теңге айыппұл салынған.Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен алдыңғы жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуде негізгі басымдық облыс орталығы мен үлкен елді мекендерді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілді. Атап айтқанда, Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристтік нысандарға баратын 18 шақырым жолдар толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Отырар ауданындағы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне енген Отырар ескі қалашығына баратын 16,9 шақырым жол жөндеуден өтті.

Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын 52,6 шақырым облыстық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Түлкібас ауданының Келтемашат, Даубаба және Састөбе бағытындағы 37,6 шақырымды құрайтын жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосатын 56,7 шақырымдық күре жолдар орташа жөндеуден өткізілді. 

Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылды. Бәйдібек ауданы аумағындағы Шаян-Жамбыл, Мыңбұлақ-Нұра, Шалдар-Сарқырама-Бірлік бағыттарындағы 71,4 шақырым жол жөнделіп, халық игілігіне тапсырылды. Жетісай ауданының Сұлубұлақ, Үтіртөбе, Көктөбе елді мекендерін қосатын 11,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, толық пайдалануға берілді. Келес ауданындағы Жаңадәуір, Ынтымақ, 28 гвардияшылар, Диқан, Қазақстан ауылдарын қосатын 15 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді. Сайрам ауданының Көлкент, Ақсуабад, Әйтекеби және Сайрам, Абдуллабад елді мекендерін жалғайтын 38,2 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 1 көпірге күрделі жөндеу және 4 көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. 

2023 жылы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жолдар мен көшелер қамтылып, жұмыстар қарқынды жүргізілді. Сондай-ақ, былтыр 1238,3 шақырымды құрайтын 604 нысан пайдалануға берілгенін айта кетейік. Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды. 

Түркістан облысы әкімдігі тарапынан жол мәселесіне қатысты жиындар мен мәжілістер үнемі өткізіліп келеді. Осы ретте, былтыр мамыр айының соңында өткен Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде облыстық жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы мен жай-күйі талқыланған болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды саладағы мәселелерге тоқталып, жолдардың сапасын көтеру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастыруды тапсырған-ды. Сонымен бірге өңірдегі жолдардан өтетін шетелдік және отандық жүк көліктерінің заң талаптарын сақтауы маңызды екеніне тоқталды. Себебі, Түркістан облысының Арыс қаласы, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран, Отырар аудандарындағы жергілікті маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктері үздіксіз жүруде. Жергілікті маңызы бар жолдардың жүктеме көрсеткіштері сақталмағандықтан жолдар мерзімінен бұрын зақымданып, жарамсыз жағдайға жетуде. Жиында облыстық және аудандық маңызы бар жолдарына автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жөнінде де ұсыныс берілді.

– Жол – өте маңызды сала. Өңірдің экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Аудан, қалаларды аралау барысында тұрғындар үшін осы мәселенің өзекті екеніне тағы да көз жеткіздік. Жолдарды салу жұмысын тездету керек. Сапа басты назарда болуы тиіс. Жергілікті жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу міндеті жүктелген. Егер жұмысты ширатпаса, ол межені бағындыру қиынға соғады. Екіншіден, келісімшарттағы міндеттерін орындамаған әрі арнайы таразысы жоқ карьер иелеріне заң аясында шешім қабылдаңыздар. Шетелдік жүк көліктері де қатаң қадағалануы тиіс. Себебі белгіленген мөлшерден артық жүкті артып алатын ауыр жүк көліктері жолдардың тез жарамсыз күйге түсуіне ықпал етіп жатыр. Жолға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары осы мәселені бақылауға алуы керек, – деген Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырма берді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 29 рет