Дүйсенбі, 14 Қазан 2024 12:15

Сауран ауданында мақта шаруашылығын дамытуға күш салынуда

Жоғары сапалы шитті мақтаны өсіріп, оны өңдеуге ден қойылған. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі.

Сауран ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Golden Cotton» мақта қабылдау және қайта өңдеу зауытында болды. Осыдан 2 жыл бұрын ашылған зауыт 4 гектар аумата орналасқан. Жоба құны – 789,0 млн. теңге. Мұнда жылына 12 мың тонна мақта өңдейді. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнімді Ресей, Беларусь және Қытай елдеріне сатуға шығарады. Былтыр 8 мың тонна мақта өнімін қабылдап, қайта өндеген. Су үнемдеу технологиясының көмегімен келер жылы 1 мың гектар жерге жоғары сотты мақта тұқымын егіп, өнім сапасын арттырмақ.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды сондай-ақ саурандық жас кәсіпкермен кездесті. Істен шыққан ескі қондырғыны сатып алып, жөндеген Саидбек Жаппаров мақтаны қайта өңдеу цехын іске қосқан. Жылына 600 тонна мақтаны қайта өңдеп, өндірілген өнімді Қытай мен Түркияға сатады. Сондай-ақ көкөніс сақтайтын қойма ашып қойған. Облыс әкімі жас кәсіпкерге сәттілік тілеп, кәсібін кеңейтуін құптады.

Түркістан облысында жыл сайын облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде. Түркістан облысы елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымдарда 70 мыңға жуық шаруалар еңбек етеді. Облыста жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналуда.

Мақта саласындағы негізгі түйіткілді мәселе баға тұрақсыздығы. Себебі елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр. Елімізде мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 кәсіпорын бар, олардың үлесінде мақта талшығының қайта өңделген көлемі 18% - дан аспайды. Осыған орай облыста 2023 жылы «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілді. Оған сәйкес 4 бағыта, егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі.

Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделуде. Нәтижесінде мақта бағасына алдағы жылдары тәуелділік жойылатын болады. Осы мақсатта 2023 жылы Мақтаарал ауданында “Cotton Мақта” ЖШС мақта өңдеу зауыты жобасы жүзеге асырылды. Жобаның құны 3 млрд. теңге, жылдық қуаттылығы 60,0 мың тонна мақта талшығын шығару. Зауытта 80 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Өткен жылы мақта өңдеу зауыты 40,0 мың тонна шитті мақтаны қабылдады. Зауытты заманауи қытайлық технологиямен жарақтандырудың нәтижесінде, күніне 600-650 тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, облыста бүгінгі күнге, ҚХР, Өзбекстан инвесторларының қатысуымен 223,5 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында «Global Textile Solution» ЖШС-нің құны 21 млрд. теңге құрайтын «Мақта-тоқыма кешені және логистикалық хаб құру» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба негізінде 2000 жаңа жұмыс орындары ашылады. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна. Жоба 2026 – 2027 ж.ж. толық циклде іске қосылады. Сондай-ақ Жетісай ауданында құны 7,6 млрд. теңгені құрайтын жылына 7500 тонна иірілген жіп фабрикасын салу бойынша «TST JETISAY TEXTILE» ЖШС-нің жобасы жүзеге асуда. Кәсіпорында 200 жаңа жұмыс орны құрылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 257 рет