Сәрсенбі, 30 Қазан 2024 23:09

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің отырысы өтті

Жиынға Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер, мемлекеттік кіріс департаментінің, қалалық әкімдік басқармалары мен полиция департаментінің өкілдері қатысты.

Кеңес отырысының күн тәртібіндегі алғашқы тақырып бойынша Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Евгения Чупрова баяндама жасап, валюталық бақылау туралы айтып берді.

Маманның айтуынша, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне ұлттық және шетелдік валюталық бақылау қызметі жүктеліп, заң бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап атқарып келеді. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар қолға алынып, бірқатар заңдарға тиісті өзгерістер енгізілген.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша бірқатар кәсіпкер жол белгілеріне байланысты мәселе көтерді. Атап айтқанда «Marstranse Company» ЖШС және басқа да компаниялар өкілдері Самара-Шымкент тасжолының бойында жуырда жүк көліктерінің жүруіне тыйым салатын белгінің қойылғанын айтып, компания жұмысына кері әсерін тигізгенін айтты, осы мәселені шешуді сұрады.

Жиынға қатысқан Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Мәрлен Алиев және полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Серік Жақсылықов қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қаланың ішінде көлік кептелісін азайту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып, әсіресе, халықаралық бағыттағы көліктердің жүрісі реттеліп жатқанын жеткізді.

Дегенмен, қала экономикасының дамуына қолайлы жағдай жасау жағы да ескеріліп, кеңес отырысына жиналғандар мынадай шешімге келді. Біріншіден, тыйым салу белгілері туралы тиісті мамандар тағы да ақылдасады, ал екіншіден, аталған компаниялар өздеріне қатынайтын жүк көліктерінің жүргізушілеріне тиісті құжат берген жағдайда полиция қызметкерлерімен бірге жұмыс істеу жағы да қарастырылмақ.

Оқылды 615 рет