Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков осы жобаның акционері, «Aksa Energy» компаниясының өкілі Джемиль Казанджимен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, жобаны іске асыру қаланы дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі болып отыр, және қала әкімдігі тарапынан жобаға жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Жалпы құны 700 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл ауқымды инвестициялық жоба Шымкент тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, бу-газ қондырғысы іске қосылғаннан кейін қаланың экологиялық жағдайына оң әсер етіп, жергілікті бюджетке тұрақты табыс түсіреді деп күтілуде.
Қала әкімі түрік компаниясының Шымкентке қызығушылық танытып, энергия саласын дамытуға атсалысқаны үшін алғыс білдірді. Қала басшысы атап өткендей, бұл жоба алдағы уақытта қала инфрақұрылымын жақсартуға, тұрақты даму жолында жаңа мүмкіндіктер ашуға септігін тигізеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында "Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды" деп атап көрсеткен болатын.
"Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Жалпы, отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті. Ал олардың, яғни бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқық бұзушылық деп саналуға тиіс. Демек ондай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алады. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін.
Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек",-деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.