Жұма, 22 Қараша 2024 23:46

Шымкентте биыл 2 жаңа индустриалды аймақ іске қосылды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өтті.

Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне тоқтала келе: «…Үкіметтің және барлық мемлекеттік органдардың міндеті – отандық бизнес пен шетелдік инвесторларға жол ашу» деген болатын.

Президенттің осы тапсырмасын орындау аясында Шымкент қаласында қала әкімі мен тиісті мемлекеттік құрылымдармен мақсатты әрі тиімді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда қалада іске асырылып жатқан ірі жобалардың қатарында:

Coca-Cola трансұлттық компаниясының бейалкогольді сусындар өндірісі жобасы. Құны – 27 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 262 миллион литр. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.

Wan Sheng Ceramics компаниясымен бірлесіп жылына 13 миллион керамикалық плитка шығару жобасы. Құны – 25,5 миллиард теңге, 350 жұмыс орны ашылды.

Биыл 438 гектар аумақта 2 жаңа индустриалды аймақ іске қосылды.

Бірінші – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика және мебель өнеркәсіптері шоғырланған.

Облыста жалпы құны шамамен 166 миллиард теңгені құрайтын 46 ірі заманауи кәсіпорын ашылады.

Екінші – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарык» азық-түлік өнеркәсібі индустриалды аймағы. Мұнда 25 жоба жүзеге асырылады, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 44 миллиард теңге инвестиция салынады.

Бүгінгі таңда индустриалды аймақтардың саны жетіге жетті.

293 жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қала экономикасына 225 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Өндірістік нысандарға жеке инвесторлардың қызығушылығы күннен күнге артып келеді.

«Стандарт» жеке индустриалды аймағының құрылысын жалғастыруда. Мұнда дайын өндірістік алаңдармен қатар, шағын және орта бизнестің шектеулі мүмкіндіктері бар субъектілері үшін мемлекеттік қолдау аясында арнайы қойма алаңдары мен инфрақұрылымдар салынатын болады.

Оқылды 160 рет