Жұма, 22 Қараша 2024 23:56

Жыл басынан бері Шымкентке 536 млрд теңге инвестиция тартылды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» Жолдауында инвестициялық климатты жақсарту және кәсіпкерлік жағдайларын қалыптастыру бойынша нақты тапсырма берген. Осы Жолдауда «Халықаралық инвестициялар үшін қатаң бәсекелестік жағдайында басты міндет – капитал тарту бойынша «мұнда және қазір» шешімдер қабылдау керек... Жұмысты күшейту қажет, тікелей инвестициялардың көлемінің төмендеуіне жол бермеу үшін... Жаңа инвестициялық циклды іске қосу керек, жасалған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек» деп атап көрсетілген.

Президенттің осы Жолдауында мегаполистің экономикасына шетелдік инвестициялар тарту мәселесі бойынша берілген тапсырмалар барлық мемлекеттік органдардың жұмысына бағыт-бағдар беріп, бұл Шымкентте табысты жүзеге асырылып жатыр.

Шымкентте инвестициялар тартуды арттыру

Бұл жылдан бастап инвестициялар тарту бойынша жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында «Инвест Шымкент» фронт-офисі белсенді жұмыс істеп, қала аумағында инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу қызметін көрсетуде. Инвесторларға бизнес-жоспар әзірлеуден бастап, жобаны іске асыру үшін қажетті барлық рұқсат құжаттарын алу бойынша 2000-нан астам қызмет көрсетілді.

Нәтижесінде, инвесторларды қолдау арқасында инвестициялар көлемі 536,4 миллиард теңгені құрады. 220 инвестициялық жобалар пулынан тұратын жобалар саны 2,7 триллион теңгеге жетіп, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Шымкенттегі ірі инвестициялық жобалар

• Түркияның «Аларко Холдинг» компаниясымен 650 га аумақта ең үлкен жылыжай кешенін салу жобасы іске асырылуда. Жоба құны – 650 миллион АҚШ доллары. Жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған.

• «АКСА Энерджи» компаниясымен 500 МВт қуаттылығы бар парогазды қондырғыны салу туралы 700 миллион АҚШ доллары көлемінде келісім-шарт жасалды. Бұл жобаның жүзеге асуы қала тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

• «ИНТЕРТРАНС» компаниясымен 150 миллион АҚШ доллары көлемінде полипропилен ұнтағын өндіру зауытын салу туралы келісім-шарт жасалды. Жобаны жүзеге асыру үшін 20 гектар жер бөлінген.

Осы жобалар Шымкенттің экономикасына елеулі үлес қосып, қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Оқылды 153 рет