Сейсенбі, 26 Қараша 2024 12:04

Шымкенттегі "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында 5 инвест жоба жүзеге асырылуда

Шымкент қаласындағы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Ондағы негізгі мақсат - “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында биыл іске қосылған инвестициялық жобаларды кеңірек таныстыру.

Айта кету керек, өндірістік аймақта  2024 жылы 5 инвест жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын.

Баспасөз турында Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов бүгінде қолға алынып, жұмыстары жүрзіліп жатқан жаңа жобалар туралы кеңірек мағлұмат берді. Сондай-ақ, Шымкентте  кәсіпкерлерді қолдау шаралары да жүзеге  асырылып жатқандығын айтып өтті.

Негізі бүгінде Шымкенттегі индустриялық аймақтардың жалпы саны 7-ге жетті. Осы аймақтарда іске асырылған 293 жоба бойынша қала экономикасына 225 миллиард теңге инвестиция тартылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылып отыр.

Нақтырақ айтар болсақ,  2010 жылдан бері іске қосылған арнайы экономикалық аймағының аумағы 225 га құрайды. Мұнда тоқыма өнеркәсібі, химия, мұнай химиясы және ішінара машина жасау саласындағы жобаларды іске асыру мақсатында инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз етілген.

Биыл жаңадан іске қосылған жобаның бірі - Dapter line ЖШС. Құрылыс-монтаж жұмыстары маусым айында басталып, қыркүйек айында аяқталды. Бүгінде кеңсе заттары өндірісінде  25 адам еңбек етуде. Кәсіпорын келесі жылдың қаңтар айынан бастап толық қуатпен іске қосылмақ. Жеке инвестор тағы да 500 млн теңге жеке қаржысын құйып, өндірісті кеңейтпек. 

Сондай-ақ, аймақта еліміздің экологиялық өнеркәсіп саласын дамыту бағытында «EKOHIM» ЖШС-ның ток шығарушы, дизелді генератор өндіретін өндірістік жобасы іске қосылды. Жобаның жалпы құны – 440 миллион теңге. Кәсіпорын жылына 350 дана өнім өндіруге  қуаттылығы жетеді.  Өндіріс 0,4 гектар аумақта орналасқан және 5 мың  адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Жеке инвестор өз өнімдерін Қырғызстан, Өзбекстанға экспортқа шығаруды көздеп отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы орайда  әр жобаның құрылыс кестесіне сәйкес, келесі жылы аталған өндірістік аймақта тағы 5 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Оқылды 161 рет