Бейсенбі, 08 Қараша 2018 13:38

Түркістан өңіріндегі облыстық маңызы бар жолдар жаңа технологиямен салынып жатыр

Түркістан облысында 2022 жылға қарай өңірлік маңызы бар жолдар 90 пайыз жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіледі. Соған сай көлік апаты да азаймақ. 

Сондай-ақ биылғы Елбасы Жолдауы аясында жол салуда жаңа технология қолданысқа енгізілуде. Бұл жол төсеуге жұмсалатын шикізат пен қаражаттың 25 пайызын үнемдейді. Жаңа технологиямен жол төсеу негізінен орта жөндеуге қолданылады. Мұндағы ерекшелік, өндіріс кезеңінде жылдамдыққа баса назар аударылатын көрінеді. Яғни 1 күнде 1 шақырым жол салынады. Ең бастысы, сапаға мән беріледі. Бұрындары жол салынып біткен соң, отырулар пайда болған жерде негіздер жөнделінетін. Ал қазір жолдың негізі 18 см құрайтын цементпен нығыздалады. Технологияға шағал тастар пайдаланылмайды. Оның орнын тұрақтандырғыш қоспасы алмастырады. Ал осы істі ресайклер техникасы атқарады.

«Биыл біз жаңа технологиямен 190 шақырым жолды жөндеп жатсақ, келесі жылға 300 шақырым жолды көздеп отырмыз. Былтыр жергілікті маңызы бар жолдарға бөлінген қаржы 8,9 миллиард болса, ағымдағы жылы 18 миллиард, ал 2019 жылға 26 миллиард жоспарлап отырмыз» дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Роллан Ибрагимов.

Қазіргі таңда облыстық маңызы бар Арыс-Шымкент бағытындағы 12 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде. Мердігер мекеме бұл жобаның 60 пайызын еңсерген. Бұл 8 шақырымды құрайды. Бұл жаңа жол бұрынғыға қарағанда ені жағынан 1 метрге ұзарған. Ал асфальт жолдың жүк көтеру көрсеткіші 6 тоннадан 13 тоннаға дейін ұлғайған. Нысан толығымен 2019 жылдың ортасында пайдалануға беріледі. Білуімізше, жобаның жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайды. Оның бүгінгі таңда 450 миллионы игерілген. Қысқа дейін тағы 100-150 миллионы игерілмекші.

«Облыс орталығы Түркістан қаласына көшуіне орай алдағы уақытта Мақтаарал, Сарыағаш аудандарынан шығатын қысқа жолдарды жөндеу – басты мақсаттың бірі», – дейді басқармадағылар. Жоспарда Шардара-Шәуілдір бағытындағы 243 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолды орта жөндеуден өткізу тағы бар. Ал келер жылы өңірде жалпы 1,5 мың шақырым жол жаңармақ. Тіпті жол құрылысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағыты бойынша да инвесторлар тартылады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 748 рет